×

«Телефонымды қағып жіберді»: Болат Әбілов кеңсесіне бейтаныс адамның келгенін айтты

Кәсіпкер мұны шетелге шығарылған қаржыны қайтарумен айналысатын қор жұмысымен байланыстырды

 Халық үні 18.08.2022 | 17:33
Halyq Uni / Esdaulet Qyzyrbekuly

Қазақстандық кәсіпкер Болат Әбілов полиция өзіне қатысты заңсыз әрекетке барғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, кеңсесіне полициямен бірге бейтаныс адам келген. Алайда өзін таныстырмаған. Мұны кәсіпкер шет елге заңсыз шығарылған қаржыны қайтарумен айналысатын «Елге қайтару» қорының жұмысымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сондай-ақ кәсіпкер бұған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысы бар деп ойлайды.

Бүгін сағат он екі кезінде учаскелік полиция қызметкері келді. Жанында қара футболка, қара түсті баскиім киген адам бар. Ол адамнан кім екенін, қандай мәселе бойынша келгенін сұрадық. Полиция «бізге хабар түсті, осы жерде кеңсе бар-жоғын тексеру үшін келдік» деп жауап берді. Жанындағы кісіні практикант деп таныстырды. Аты-жөнін атамады, құжатын көрсетпеді, - дейді Болат Әбілов.

Айтуынша, ер адам видеоға түсіруге қарсы болған.

«Ол бетін жауып, видеоға түсірме деп, қолымдағы телефонымды қағып, жерге құлатты. Жұлқынып, бізді итеріп қашып кетті. Мұны ҰҚК істетіп отырғанына сенімдімін. «Елге қайтару» қоры не істеп жатқанын білу үшін тексеруге келген. Бұл бір жағынан біз құрамыз деген партия жұмысына, екінші жағынан қор жұмысына байланысты деп ойлаймын...», - дейді Әбілов.

Адвокат Маржан Аспандиярованың сөзінше, учаскелік полиция анықтау мақсатында келе алады. Алайда жанына бейтаныс адамды ертіп келуі – заңсыздық.

«Жанындағы адамның аты-жөнін жасырып, куәлігін көрсетпеуі – заңсыздық. Біреудің жылжымайтын мүлкіне, үйіне баса-көктеп кіру – заңсыздық. Қылмыстық кодекстің 144-бабында бұл әрекетке жауапкершілік қарастырылған. Өзін практикант ретінде таныстырған. Бұл жағдайда да аты-жөнін айтуы керек. Полиция қызметкері қасына бөтен адамды не себепті ертіп жүр?», - дейді Маржан Аспандиярова.

Айтуынша, Медеу аудандық полиция басқармасының басшысы оқиғаға қатысты пікір білдірмеген.

Полициядан жауап ала алмадық. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамы деген болжам бар. Біраз уақыт бұрын бір топ азамат «Елге қайтару» деген қор құрған. Бұл соған байланысты болуы мүмкін. Бұл биліктің немесе арнайы топтардың тапсырмасы болуы мүмкін, – дейді ол.

Айта кетейік, 2022 жылдың шілдесінде Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов шетелге заңсыз шығарылған қаржыны кері қайтарумен айналысатын «Елге қайтару» қорын құрды. Олар Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, дәл осы бағытта жұмыс істеп жатқан мемлекеттік комиссия құрамына тәуелсіз қоғам қайраткерлері мен беделді азаматтарды кіргізуді сұрады.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама