Бакиев пен Атамбаевтың үйлері балаларды оңалту орталығы болады
Жалпы, Қырғызстанда 200 мың мүгедектігі бар адам тіркелген
Қырғызстанның бұрынғы президенттері Құрманбек Бакиев пен Алмазбек Атамбаевтың коттедждерінде балаларға арналған оңалту орталықтары ашылады деп хабарлады 24.kg.
Елдің Еңбек, көші-қон және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігінің мәліметінше, оңалту орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді.
Жалпы, Қырғызстанда 200 мың мүгедектігі бар адам тіркелген. Олардың 35 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар.
«Республикада мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалту қызметімен толық қамтамасыз етілмеген. Сол себепті, бұрынғы президенттер Құрманбек Бакиевтің Жібек Жолы даңғылындағы үйінде және Алмазбек Атамбаевтың Қой-Тас ауылындағы үйінде тәулік бойы жұмыс істейтін балаларға арналған оңалту орталықтары ашылады. Бұл үйлер мемлекет меншігіне берілген болатын», - дейді министрлік мамандары.