Ұлытау облысында биыл 24 қазақ бала орыс мектебіне барады
Облыста биыл ұлты қазақ емес 12 бала мемлекеттік тілде білім алады
Ұлытау облысында 2022-2023 оқу жылында бірінші сыныпқа 4 мыңнан астам бала барады. Оның ішінде қанша бала қазақ тілінде білім беретін мектепке баратынын Halyq Uni тілшісі анықтады.
Облыстың білім басқармасының хабарлауынша, 1-сыныпқа биыл 4 214 бала қабылданды. Оның ішінде 3 339 бала қазақ тілінде оқиды, 875 бала орыс тілінде оқытатын сыныпқа қабылданды.
1-сынып бойынша қазақ сыныбына ұлты қазақ емес 12 бала барады. Оның ішінде орыс ұлтының 3 өкілі, 3 өзбек, 2 корей, бір татар, бір тәжік, бір күрд және Алтай субэтникалық тобының бір өкілі бар.
Ал 2-11(12) сынып оқушылары ішінде қазақ сыныбына ұлты қазақ емес 93 бала барады. Оның ішінде:
- өзбек – 30;
- орыс – 27;
- украин – 7;
- тәжік – 5;
- татар – 4;
- корей – 3;
- шешен – 3;
- башқұрт – 3;
- әзербайжан – 3;
- қарашай – 2;
- қырғыз – 2;
- ұйғыр – 2;
- молдаван – 1;
- неміс – 1.
Айта кетейік, Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында орыс тілінде білім беретін екі мектеп бар. Бұл мектептің 1-сыныбына баратын оқушылардың арасында 24 қазақ бала бар.
Сондай-ақ осы екі мектепте 2-11(12) сынып аралығында 244 қазақ бала орыс тілінде білім алады.
Айта кетейік, биылдан бастап қазақ тілінде білім беретін мектептерде 1-сынып оқушылары тек қазақ тілінде білім алады, ал орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілі мен орыс тілі 1-сыныптан бастап оқытылады.
Қазақ тілінде білім беретін мектептер 2-сыныптан бастап орыс тілін пән ретінде оқытады. Сондай-ақ барлық мектепте 3-сыныптан бастап ағылшын тілі енгізіледі.
Ұлытау облысы – 2022 жылдың маусымынан бастап ресми түрде құрылған әкімшілік-аумақтық бөлініс. Орталығы – Жезқазған қаласы.
2022 жылдың 16 наурызында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Ұлытау облысының құрылатынын айтты.
«Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім», - деді Тоқаев.
Осылайша жаңадан құрылған облыс құрамына 2 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала кіреді. Олар: Жаңаарқа, Ұлытау ауданы және Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қаласы. Облыста 227 мыңға жуық адам тұрады.