Halyq Uni логотип
×

Кәрім Мәсімовтің тағы бір орынбасары қамауға алынды

Дәулет Ерғожин бірнеше бап бойынша күдікке ілінді

 Халық үні 07.02.2022 | 12:00
Кәрім Мәсімовтің тағы бір орынбасары қамауға алынды
фото: ашық дереккөзден

Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қамауға алынды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

27 қаңтарда ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Әнуар Садықұлов тұтқындалған еді.

Күдіктілерге мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға немесе Қазақстанның конституциялық құрылымын күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттерден бөлек, «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген айып тағылды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы Қазақстанның басқа қалаларында да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық өңірде төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр. Одан бөлек, ҰҚК-ның бұрынғы басшысына қатысты билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген бап бойынша да тергеу басталды. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен К.Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Д. Ерғожин ұсталды.

27 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық іс «аса құпия» деп танылғанын мәлімдеді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама