Қазір Яндекс 63 қазақстандық такси паркімен жұмыс істеп отыр
Қазақстандағы Яндекс платформасында жұмыс істейтін 150 мыңға жуық азамат әлеуметтік тұғыда қорғалмаған. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша ЦДИАӨМ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова және «Яндекс GO» компаниясының бас директоры Александр Аникинмен кездесу өткізген. Кездесуге басқа да министрліктердің өкілдері шақырылды.
Қазір Яндекс платформасында 150 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Көбіне бұл кісілер әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған, себебі олар тіркелген такси парктерінің кейбірі тиісті салық пен аударымдарды төлемейді. Жұмыспен қамтамасыз етудің платформалық нұсқасы кең таралып жатқандықтан, мемлекет осындай платформалар арқылы табыс табатын азаматтарды қолдау жағын ойластыруы керек, – деп жазды министр.
Ведомство басшысы, жүргізушілерге платформаға тікелей тіркелу мүмкіндігі ұсынылғанын атап өтті.
«Сонда мемлекет оларды әлеуметтік тұрғыда қорғай алады. Айта кетсек, қазір Яндекс 63 қазақстандық такси паркімен жұмыс істеп отыр. Сондай-ақ, компания басшысымен ЯндексGO қосымшаcын пайдалану кезінде азаматтардың қауіпсіздігін бірінші орынға қою мәселесін талқыладық. Қосымшада тіркелген жүргізушілерді сәйкестендіру және олардың құжаттарының дұрыстығын тексеру маңызды. Ол үшін биометриялық жүйені қолдануға болады. Бұл не үшін керек? Мәселен, біреулердің жүргізуші куәлігі жоқ немесе бөгде адамдар арқылы тіркелу оқиғалары кездеседі», – деді Бағдат Мусин.
Сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан инватакси қызметін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бойынша ұсыныстар айтылғанын жеткізді. Бұған қоса министр осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, барынша тиімді шешімдер мен тәсілдер іздестіретінін айтты.