Шағым қабылданады: «Зерде» холдингі таратылатынын мәлімдеді
Холдинг 2 ай ішінде шағым қабылдайды
«Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингінің ресми сайтында мекеменің таратылатыны туралы ақпарат жарияланды.
«Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ (БСН: 080940016280) өзінің таратылатыны туралы хабарлайды. Шағымдар хабарландыру жарияланған күннен бастап 2 ай ішінде Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 55/15, тел.: 8 (7172) 57-07-78, 57-09-08, 57-08-20 мекенжайы бойынша қабылданады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 14 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда цифрландыру ісі баяу жүргізіліп жатқанына байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге ескерту жасаған болатын.
Мемлекет басшысы министрдің ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты.
«Үкімет ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баяндауға тиіс. Менің ойымша, цифрландыру ісі баяу, нашар жүргізіліп жатыр. Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде премьер-министр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министрге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңызға көңілім толмайды. Премьер-министрді ұятқа қалдырып отырсыз», – деді Тоқаев.
Президент сынынан кейін бір күн өткен соң Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-ны таратуды ұсынды. Министр холдингті реформалау жұмысы биыл жыл басында басталғанын атап өтті.
«Оның бірі жүйелік интегратордың қызметі цифрлық үкіметті қолдау орталығына берілді. Инновацияларды дамытудың бірыңғай экожүйесін құру үшін QazInnovations агенттігі мен Astana Hub паркін бір ұйымға, яғни Инновациялық технопаркінің құрамына біріктіру арқылы оңтайландыру ұсынылады. Ал ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамын тікелей Цифрлық даму министрлігіне қол астына беріп, «Зерде» холдингін таратуды ұсынамын», - деді Бағдат Мусин.