V Исламиада: ел қоржынына бір күміс, екі қола медаль түсті
Отандастырымыз суға жүзу мен спорттық гимнастикадан жүлдегер атанды
Түркияның Кония қаласында өтіп жатқан V Ислам ынтымақтастық ойындарында ел қоржынына бір күміс, екі қола медаль түсті.
Қазақстанның қыздар құрамасы 4х100 метрге жүзуден аралас этафетада мәреге екінші болып келіп, күміс жүлдегер атанды. Ал спорттың осы түрінен сынға түскен ерлер құрамасы қола медальге ие болды. Әйелдер құрамасында Ксения Игнатова, Аделаида Пчелинцева, Даниэла Дю және София Әбубәкірова болса, ерлер құрамасы сапында Әлібек Мусин, Айбек Қамзенов, Егор Попов және Александр Варакиндер болды.
Спорттық гимнастикадан командалық сында Қазақстан құрамасы да қола жүлдегер атанды. Командада Аида Бауыржанқызы мен Аяжан Шәмшитдинова өнер көрсетті.
Бұл сында 99,100 ұпаймен Түркия бірінші орын алса, 95,700 ұпаймен Өзбекстан екінші орыннан көрінді. Қазақстан құрамасы 90,900 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.