×

Жалақы, аттестация, сағат бөлінісі: Мектепке орналасқан жас маман нені білуге тиіс?

Білім беру ұйымдарына келген мамандар 3 жылға дейін жас маман болып есептеледі

 Айгерім Таубай 18.08.2022 | 09:49
коллаж: Халық үні

Педагогикалық мамандық бойынша диплом алған жас маманның көпшілігі еңбек жолын мектептен бастайды. Кейінгі жылдары білім саласында бірқатар өзгеріс болғаны белгілі. Соған байланысты Halyq Uni жас маман мектепке жұмысқа барғанда нені білуге тиіс екенін жинақтады.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, білім беру ұйымдарына келген мамандар 3 жылға дейін жас маман болып есептеледі. Осы аралықта жас маман мектеп жүйесіне үйренеді.

ТЕОРИЯЛЫҚ БІЛІМІ ТЕКСЕРІЛЕДІ

Ең алдымен жас маманның өзі сабақ беретін пәні бойынша теориялық білімі толық болуы қажет. Яғни, білім алған мамандығы бойынша білімі толық болып, мектеп бағдарламасына сай дайындықпен келгені жөн. Себебі мұғалім – мектеп айнасы. Ұстазының жан-жақты білімді екенін көрген оқушының да сабаққа деген ынтасы артады. Сондай-ақ 2021 жылдан бастап педагогикалық маман­дық­ты оқыған кәсіптік-тех­никалық немесе жоғары оқу орнының түлектері білім беру ұйымдарына жұ­мысқа тұрмас бұрын сертификаттау­дан өтеді. Олар әуелі өздерінің педагог болып жұмыс істей алатынын дәлел­деуге тиіс. Бұл сертификат білім беру саласында ешқандай еңбек өтілі жоқ түлектер мен мамандарға арналған.

«Кейде директорға ұнаған адам ғана жұмысқа орналасатын жағдай кездесетін. Енді тест тапсырып, конкурс өтетін болса, мектепке нағыз білімді маман келеді. Тағы бір даулы жағдай – оқуды жаңа аяқтап келген маманды тест арқылы қабылдау. Осы тұста қоғам пікірі екіге жарылған. Бірі жас маманнан тест алу қате екенін айтса, екінші тарап оны қолдайды. Мен де жас маманның тест тапсыруын қолдаймын. ЖОО-да алған білімі тест арқылы тексерілуі қажет. Себебі қазір оқып жүрген студенттер диплом алу жұмыстың жартысы екенін түсінуі қажет. Сондықтан студенттер оқуға көңіл бөліп, жақсы маман болады», - дейді Алматы қаласындағы №47 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Сұлтан Сүлеев.

Сондай-ақ жас маман баламен қарым-қатынасты білуі керек. Себебі әртүрлі жағдайда және әртүрлі отбасыда өскен баланың мінезі де бір-біріне ұқсамайды. Оқушылардың тілін тауып, оларға сапалы білім беру психологиялық дайындықты талап етеді.

ЖАС МАМАНҒА ТӘЛІМГЕР БЕКІТІЛЕДІ

Жас маман жұмысқа орналасқан кезде педагог-зерттеуші, педагог-шебер санаты бар мұғалім тәлімгер ретінде бекітіледі. Ол жас маманға жол көрсетіп, түсінбеген тұсы болса, бағыт беріп отыруға міндетті.

«Жас маман 3 жылға дейін қателер жіберіп жатады. Жұмысқа орналасқанға дейін жалпы заңды білу қажет. Еңбек кодексімен танысып алғаны жақсы. Жас маманға тәлімгер тағайындалады. Мысалы, мен оны білмедім, менімен бірге еңбек жолын бірге бастаған әріптестерім де хабарсыз болды. Тәлімгерсіз жүре бердік. Алайда жұмысқа кіріскенше барлығын біліп бару да шарт емес, себебі барлығы тәжірибе арқылы келеді. Басқа әріптестерінен үйренеді», - дейді Алматыдағы №138 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мәдина Шенгелбай.

Жас маманның айтуынша, жұмысқа орналасар кезде ең бастысы жас маман өзіне және біліміне сенімді болса жеткілікті.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, «Тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидаларын және тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтерге қойылатын талаптарды бекіту туралы» министрлік бұйрығына сәйкес орта білім беру ұйымына кәсіптік қызметке алғаш рет кіріскен педагогке бір оқу жылына тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіледі.

«Тәлімгерлік – педагогтің орта білім беру ұйымында педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен адамға кәсіптік бейімделуіне практикалық көмек көрсету қызметі. Тәлімгер болған кезде арнайы жоспар әзірленеді. Бекітілген жоспар бойынша жұмыс жүргізіледі», - деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, тәлімгерге Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша ақы төленеді.

16 САҒАТ АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ

2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңның 8-бабына сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің айлық жалақысын есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі орта білім беру ұйымдары үшін – 16 сағат деп бекітілген.

АТТЕСТАЦИЯДАН 5 ЖЫЛДА БІР ӨТЕДІ

Жас маман жоғары оқу орнын үздік бітірсе, яғни қолында қызыл дипломы болса, бірден педагог-модератор санатын алады. Ал қалған жағдайда жас маман жарты жылдан кейін аттестациядан өте алады. Ол үшін педагогика негіздері бойынша 30 сұраққа, сабақ беретін пәні бойынша 70 сұраққа жауап береді. Педагог-модератор санатын алу үшін 30-дан 12 балл, 70-тен 42 балл жинауы қажет. Сондай-ақ мұғалім эссе жазады. Аттестациядан өткен мұғалімнің жалақысы артады.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның 15-бабына сәйкес педагог өзінің кәсіптік шеберлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге, оның ішінде біліктілік санаты деңгейін 5 жылда бір рет арттыруға міндетті.

56 КҮНГЕ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒАДЫ

Педагог заң бойынша жыл сайын 56 күнге ақы төленетін еңбек демалысына шыға алады.

Сондай-ақ педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан орынды жергілікті атқарушы органдар бірінші береді.

Ауылда жұмыс істейтін мұғалімдерге қала жағдайында жұмыс істейтін педагогтердің ставкаларымен салыстырғанда айлығы мен тариф ставкалары кемінде 25%-ға артық белгіленеді.

Сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру ұйымында педагогке негізгі жұмыс орны бойынша ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді. Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтарында 1 АЕК 3 063 теңгеге тең деп бекітілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама