«Жеті жыл – тым ұзақ»: белсенді ұстаз Аймағамбетовтің реформасына қатысты ұсыныс айтты

Гүлбаршын Нұрхан

Ережеге сәйкес, мектеп директорының бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауға тиіс

коллаж: Халық үні

Жаңа оқу жылында енгізілген жаңашылдықтың бірі – білім беру ұйымдары басшыларын, соның ішінде мектеп директорларын ротациялау. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, биыл білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау институты енгізіліп жатыр. Қазірге дейін 431 мектеп директоры ротацияға ілінді. Halyq Uni тілшісі министрліктің бұл бастамасына қатысты педагог пікірін білді.

Алматы қаласындағы №47 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Сұлтан Сүлеевтің айтуынша, ротация директорларға мотивация береді, сондай-ақ артта қалған мектептерді дамытуға көмектеседі.

«Ротация туралы мәселе көптен бері талқыланып келеді. Демек, бұл өзгеріске деген қажеттілік бар. Ротация – бұл директорды ауыстыру ғана емес, озат тәжірибені басқа жерлерге енгізу, директорлардың мотивациясын ояту, артта қалған мектептерді алға сүйреу», – дейді ол.

Әлеуметтік желіде директорлардың бір орында ұзақ уақыт отыратыны, сол себепті жемқорлық жиілегені жиі айтылады. Мұғалімнің айтуынша, директорларды ауыстыру осы мәселені шешеді.

«Директорлардың 90%-ы жылы орнын ауыстырғысы келмейді. Бұл – факт. Бірақ мемлекеттік мүдде жеке мүддеден жоғары тұруы керек. Сондықтан мемлекет қиын болса да керек реформаны қолға алды. Кей директор бір орында 20-30 жылдай отырады. Өзі демалысқа кетсе де, орнын «мұраға» жақынына тастап кететін жағдайлар кездеседі. Жұбайы, ұлы, қызы, келіні осындай жолмен директор болғандар да бар. Бұл ұстаздардың, сосын сол аймақтағы азаматтардың түсінбеушілігін туғызып жатыр. Мектеп – бүкіл ауылдың тыныс-тіршілігінің орталығы, сондықтан мектептегі жағдай бүкіл елдің көз алдында», - дейді Сұлтан Сүлеев.

Айтуынша, мектеп директорларын ротациялауды қолдамайтындар да бар.

Осындай теріс әрекеттер мемлекеттік билікке көлеңке түсіреді. Әрине, түрлі сылтау тауып, ротациядан жалтаратындар болады. Меніңше, жеті жылға дейін бір мекемеде басшылық қызмет атқаруға рұқсат бермей, төрт жылдан кейін ауыстыра беру керек еді. Тура осы норма бұл реформаның маңызын жоққа шығарады. Халық үшін тағы үш жыл – өте ұзақ уақыт, - дейді Сұлтан Сүлеев.

Мектеп директоры өзінің көп жылдық тәжірибесін білім саласын дамытуға қосуға тиіс.

«Директордың озат тәжірибесі мен іскерлігін ортақ іске пайдалану – нағыз сауапты іс, білім саласына қосылған қомақты үлес. Әрине, мұндай директорлар кез келген марапатқа лайық. Директор басқа мектепке ауысқанда қомақты қаржы және жақсы марапатпен шығарып салу керек. Барған жері де дұрыс қарсы алады»,  – дейді ол.

Сондай-ақ жасы келген, зейнетке шығуға 2-3 жыл қалған директорларды ротациядан босатқан дұрыс. Мұғалімдер зейнет жасына жақындаған кезде аттестациядан да босатылады. Бұл норманы осы жерде де қолданған жөн.

КОНКУРС – БІЛІМ КӨРСЕТКІШІ

Мектепке мұғалімді конкурс арқылы қабылдау туралы былтырдан бері айтылып келеді. Сұлтан Сүлеевтің айтуынша, конкурс арқылы қабылдау директордың субъективті шешім қабылдауына тосқауыл болады.

«Бұл – парақорлыққа қарсы әрекет. Бізде кей жағдайда директорға ұнаған адам ғана жұмысқа орналасатыны бар. Енді тест тапсырып, конкурс өтетін болса, мектепке нағыз білімді маман келер еді. Тағы бір даулы жағдай – оқуды жаңадан аяқтап келген маманды тест арқылы қабылдау. Осы тұста қоғам пікірі екіге жарылған. Бірі жас маманнан тест алу қате екенін айтса, екінші тарап оны қолдайды. Мен де жас маманның тест тапсыруын қолдаймын. ЖОО-да алған білімі тест арқылы тексерілуі қажет. Себебі қазір оқып жүрген студенттер диплом алу – жарты жұмыс. Сондықтан студенттер оқуға көңіл бөліп, жақсы маман болады», - дейді Сұлтан Сүлеев.

Алайда конкурста жас маман мен тәжірибелі маман бақ сынаса, жас мамандар тасада қалып қояды деген пікір бар. Маман 30 жылдық тәжірибесі бар мұғалімге артықшылық бермеу қажет екенін айтады. «Басты бәсеке – білім мен білік. Егер жанып тұрған жастар тәжірибелі мұғалімнен конкурста озып кетсе, тек қуанар едім», деп түйіндеді ол.