Қазірге дейін бөлінген қаражаттың 4 миллиард теңгесі игерілді
Атырау облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл республикалық бюджет есебінен әлеуметтік нысандар мен жолдың құрылысына 11 миллиард 2 миллион теңге қаражат бөлінді. Атырау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, бұл қаражатқа облыстағы 30 елді мекенде 41 жоба жүзеге асады. Оның ішінде 31 жоба биыл басталады. Жаңа жобалардың жалпы құны – 8 миллиард 4 миллион теңге, ал 10 жоба былтыр басталған.
Басқарма ақпаратына сәйкес, әлеуметтік сала бойынша 25 жобаның құрылыс жұмыстарын бастауға биыл 3 миллиард 7 миллион теңге қарастырылған. Спорт саласы бойынша 14 жобаның құрылысына 1 миллиард 8 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде 5 спорт кешені мен 7 спорт алаңы құрылысы басталады, тағы 2 стадионды қайта салуға бөлінген.
Денсаулық сақтау саласы бойынша төрт жобаға 163 миллион теңге бөлінді. Бұл ақшаға Исатай ауданының Ерғалиев, Тұщықұдық, Зинеден ауылдарында және Құрманғазы ауданының Нұржау ауылында дәрігерлік амбулаториялда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
204 миллион теңге білім беру саласы бойынша бір жобаға, яғни Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеуге қарастырылған.
Мәдениет саласы бойынша алты жобаға 1 миллиард 6 миллион теңге бөлінді. Оған Құрманғазы ауданының Хиуаз, Котяевка ауылдары, Жылыой ауданының Тұрғызба, Шоқпартоғай, Майкөмген ауылдарында мәдениет үйлері салынды. Сондай-ақ Атырау қаласы Томарлы ауылында музыка мектебінің құрылысы басталады.
Көлік инфрақұрылымы бойынша 13 жобаны бастау үшін 7 миллиард теңге бөлінген. Оған 7 жолдың құрылысы басталып, 4 жол қайта салынады және 2 жол күрделі жөндеуден өткізіледі.
Қаржыға Атырау қаласының Томарлы ауылында жол салынады. Атырау қаласының Жаңаталап, Дамбы, Тасқала ауылдарында жаяу жүргіншілер жолы, Жылыой ауданы, Жаңа Қаратон кентінің жолдарын, жаяу жүргіншілер жолымен қоса қайта салуға жұмсалады.
Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы ауыл жолын автокөлік жолдарын қайта салуға, Ерғалиев ауылындағы ішкі жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын күрделі жөндеуге жұмсалады.
Құрманғазы ауданының Хиуаз, Орлы ауылдарында жаяу жүргіншілер жолдарымен қоса ауыл ішіндегі жолдар қайта салынады.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында ауыл ішіндегі автомобиль жолдарын салуға да қаржы бөлінген. Миялы ауылында жолдар күрделі жөндеуден өтеді. Мақат ауданы Доссор кентінде автокөлік жолдарын қайта төсейді, Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында автокөлік жолы салынады.
Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша үш жобаны жүзеге асыру үшін 356 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы Жылыой ауданының Қосшағыл ауылында электрмен жабдықтау жүйесін қайта салуға және Индер ауданының Есбол ауылында көше жарығын күрделі жөндеуге бөлінген. Сондай-ақ Қызылқоға ауданының Қосқұлақ ауылында су құбыры құрылысына жұмсалады.
Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша бөлінген қаражаттың 4 миллиард 4 миллион теңгесі игерілген.