Министрлік Қазақстан мен Украина арасында әуе рейсі қандай жағдайда ашылатынын айтты

Айгерім Таубай

24 ақпанда Қазақстанның әуе компанияларына Украинаның әуе кеңістігі үстінен ұшуға тыйым салынды

Фото: Алматы әуежайының баспасөз қызметі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан мен Украина арасындағы әуе рейстері қандай жағдайда ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанынан бастап Қазақстанның әуе компанияларына Украинаның әуе кеңістігі үстінен ұшуға тыйым салынды. Содан бері екі ел арасында әуе рейстері орындалмады.

Министрліктің хабарлауынша, «Эйр Астана» әуе компаниясы 2022 жылдың 3 ақпанынан бастап Украинаның әуе кеңістігін пайдалануға енгізген шектеулерге байланысты Нұр-Сұлтан – Киев бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейсін тоқтатты. Енді екі ел арасындағы әуе байланысты әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты ашылады.

Тұрақты жолаушылар тасымалының қайта жандануы әлемдегі қазіргі геосаяси жағдайға және Украина әуе кеңістігін пайдалануға қойылған шектеулердің алынуына тікелей байланысты болады, - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.

Айта кетейік, 2022 жылдың 21 ақпанында Ресей президенті Владимир Путин ДХР және ЛХР тәуелсіздігін тану туралы жарлыққа қол қойды. Келесі күні Мемлекеттік дума мен Федерация кеңесі республикамен достық және ынтымақтастық туралы шарттарды ратификациялады.

22 ақпанда Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиыны өтті. Онда Украинадағы жағдайларға байланысты Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қарастырылды.

23 ақпанда Ресей мен Украина арасындағы жағдай шиеленісе түсті. Сол күні Украинада төтенше жағдай енгізіледі. 24 ақпанда Қазақстанның әуе компанияларына Украинаның әуе кеңістігі үстінен ұшуға тыйым салынатыны туралы нұсқаулар жіберілді.

28 ақпаннан бастап Қазақстан Украинадағы өз азаматтарын эвакуациялауды бастады. Қазақстандықтар Польшаға дейін автобуспен жеткізілді, артынша ұшақпен елге оралды. 29 наурызда Украинадан Қазақстанның 900 азаматы эвакуацияланды, оның 743-і Қазақстанға оралғаны, осылайша эвакуациялау жұмыстары аяқталғаны хабарланды.