Жасанды доллар арқылы 28 млн теңге пайда тапқан 4 адам қамауға алынды
Ал ақшаны жасап шығарғандар шет елде жүр
Елге сырттағы қолдан жасалған қыруар қаржыны кіргізіп, пайда көрген қазақстандық 4 азамат ұсталды.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша, олар жасанды 58 мың долларды букмекерлік кеңсе арқылы ойынға тігіп, ұтыстарын теңгемен алып отырған. Осылайша жалған ақша арқылы 28 миллион теңге пайда көрген.
Мамандардың айтуынша, ақша өте сапалы жасалған. Валютаның жалғандығын арнайы құрылғы арқылы ғана анықтауға болады. Айыпты деп танылғандар 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал ақшаны жасап шығарғандар шет елде жүр.
«Жалған валютаны жасайтын азаматтардың бірден-бір мақсаты – валюта сұранысқа ие болып, одан пайда түсуі керек. Яғни біздің теңгенің құны әлсіз, ал АҚШ валютасының құны әрқашан бірқалыпты. Сонымен қатар, құнының өсуіне байланысты АҚШ долларын шетелде қолдан жасау жиі кездеседі», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел қызметкері Асанғазы Серғазыұлы.