Ерлан Ыдырысов елші қызметінен босатылды

Дастан Жұмабекұлы

Мемлекет басшысының жарлығы шықты

Ерлан Ыдырысов, фото: tass.ru

Мемлекет басшысының жарлығымен Ерлан Ыдырысов Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия құрама корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Исландиядағы, Ирландиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.

Ерлан Ыдырысов 1959 жылы 28 сәуірде Қарағанды облысында дүниеге келген. 1981 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. КСРО СІМ Дипломатиялық академиясының түлегі.

Мансап

1992-1995 жж. – Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді.

1995-1996 жж. – Америка елдері басқармасының жетекшісі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.

1996-1997 жж. – ҚР Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі.

1997-1999 жж. – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

1999-2002 жж. – ҚР Сыртқы істер министрі.

2002-2007 жж. – Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия құрама корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Швеция және Норвегия корольдіктеріндегі, сондай-ақ Ирландиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы.

2007-2012 жж. – Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі және ҚР Бразилиядағы елшісі қызметін қоса атқарушы.

2012-2017 жж. – ҚР Сыртқы істер министрі.

2017 жылғы ақпанда Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия құрама корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.

2017 жылғы тамызда ҚР Исландиядағы және Ирландиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды.

Е.Ыдырысов Қазақстанның сыртқы саясаты жөніндегі бірқатар мақаланың авторы және мемлекеттік наградалардың иегері.

Ағылшын, француз, урду және хинди тілдерін меңгерген.