Halyq Uni логотип
×

Министр суға кеткен адамдардың денесі неге тым кеш табылатынын айтты

Ведомство басшысы құтқарушыларды жабдықтау мәселесі де өзекті екенін еске салды

 Халық үні 16.08.2022 | 20:29
Министр суға кеткен адамдардың денесі неге тым кеш табылатынын айтты
фото: inform.kz

Президент телерадиокешенінің «Үш сұрақ» бағдарламасында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин суға кеткен адамдардың денесін табу неге ұзаққа созылатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Біріншіден, су қоймасында белгілі бір қызмет көрсетуші демалушы тұлғалардың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етуі керек. Яғни, құтқару кеудешесі болу керек. Ондай кеудешелердің тиегі суға құлаған жағдайда ағытылмауы керек. Не болғанын, қыз неге кеудешесіз табылғанын қазір тергеу анықтап жатыр. Оған қызмет көрсеткен жұмысшының айтуынша, қыздың үстінде құтқару кеудешесі болған», - деді министр.

Ведомство басшысы құтқарушыларды жабдықтау мәселесі де өзекті екенін еске салды.

«Іздеу жұмыстарының ұзаққа созылуының екінші себебіне келсек, бізге де қателіктермен жұмыс істеу керек. Тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Аталған аумақтағы бөлімшенің қолында «эхолот» құрылғысы болмаған. Ол іздеу жұмыстарын судың түбінде жүргізуге қажет болатын. Бізге әуесқой балықшылар көмектесті қайта. Олардың қолында кәсіби «эхолот» құрылғылары болды. Біз құтқарушыларды жабдықтау нормаларын да қайта қараймыз. Бюджетіміздің мүмкіндігі занамауи нарықта бар құралдың бәрін сатып алуға үнемі жете бермейді. Бір жыртықты жамап жатсаң, екіншісі пайда болады дегендей. Біз бұл тұрғыда сыни ескертпелерді де қабылдаймыз», - деген Юрий Ильин қайтыс болған қыздың туыстарынан хат алғанын айтты.

«Бірақ құтқарушылар 10 мың метрден тереңде жұмыс істеді. Яғни, көру мүмкін болмай кеткен. Сәйкесінше, сүңгуірдің өзіне де қатер төнуі мүмкін еді. Жігіттер кәсіби деңгейде жұмыс істеп шықты деп ойлаймын. Жуықта ғана әріптестеріңіздің отбасынан хат та келді. Олар да мен айтқан кемшіліктерді атай келіп, құтқарушыларға ауыр жағдайда, өмірлерін қауіпке тіге отырып, денені алып шыққаны үшін алғыс білдірген. Су қоймасы терең әрі ауқымды болған. Өкінішке қарай, адам денесі бірнеше күннен кейін су бетіне өзі шығып қалады деген тәжірибе үнемі олай бола бермейді. Іздеу жұмыстарының ұзаққа созылып жатуына жұмыстардың күрделі өтуі себепкер» -деді министр сұхбат барысында.

Еске салсақ, Астана су қоймасында суға кеткен бойжеткеннің денесі бес күннен соң табылған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама