Ресейде табылған қазақ жауынгерінің сүйегі елге жеткізіледі

Дастан Жұмабекұлы

Ол 1902 жылы Батыс Қазақстан облысында туған Қалей Дұзбаев болып шықты

фото: 24.kz

Мәскеуде Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегін табыстау рәсімі өтті.

«Хабар 24» телеарнасының хабарлауынша, қазақ сарбазының сүйегін шілде айында Ленинград облысының Тосно ауданында табылып, оның аты-жөнін анықталған. Ол 1902 жылы Батыс Қазақстан облысында туған Қалей Дұзбаев болып шықты. Содан Ресейлік іздестірушілер «Atamnyn аmanaty» қоғамдық бірлестігімен байланысып, жауынгердің туыстарын іздестірген. Алайда оның жақындарын таба алмаған.

Жақын арада Қалей Дұзбаевтің мәйітін елімізде қайта жерлейтін болды.

Мәскеу қалалық іздестіру орталығының директоры Дмитрий Федосовтың айтуынша, сарбаздың аты-жөні жеке заттарында табылған жауынгерлік медальонның негізінде анықталды. Бұл жұмысты Санкт-Петербург қаласының «Заслон» отрядының іздестірушілері жасады.

«Atamnyn аmanaty» бірлестігінің басшысы Мұрат Молдағалиев телеарнаға берген сұхбатында жыл басынан бері бірлестіктің Қорғаныс министрлігімен бірігіп 12 сарбаздың сүйегін елге жеткізіп, жөн-жоралғысымен жерлегенін, үшеуінің туыстарының табылмағанын, олардың шаңырақ көтеруге үлгермей, майданға аттанған жас жігіттер болғанын айтты.