Соның кесірінен төрт адам зардап шекті
Теміртауда газ жарылып, бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып қалды. Соның кесірінен төрт адам зардап шекті.
Жарылыс Металлургов даңғылы, 5/2 мекенжайындағы бес қабатты тұрғын үйде болды. Бұл үйде 4 кіреберіс, 80 пәтер бар. Соның №2 кіреберістің 3-қабатындағы пәтерде газ-ауа қоспасының тұтануы салдарынан пәтерлер арасында бөлмеаралық қабырғалары мен пәтераралық қабырғалар құлап, кейіннен жабын плиталары опырылып қалды.
Оқиға туралы Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне сағат 12.08-де хабарланды. Газ жарылғанда 12 пәтерге зақым келген. Олардың терезелері мен есіктері жартылай қираған.
Кіреберістің барлық тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланды. 4 адам жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Медициналық көмектен соң 3 адам үйлеріне жіберілді. 1989 жылы туған үй иесі ауруханада тексеруден өтуде. Жалпы 53 адам, оның ішінде 7 балаға көмек көрсетілді.
Қираған конструкцияларды тазалау жұмыстары жалғасуда. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен 2-кіреберістің тұрғындарын орналастыру мәселесі пысықталып жатыр. 4 отбасы уақытша тұрғын үйге мұқтаж, қалғандары туыстарына орналастырылады.
Оқиға орнында Қарағанды облысы төтенще жағдайлар департаментінің 25 қызметкері мен 10 техникасы жұмыс істеуде. Облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин, Теміртау қаласының әкімі және барлық шұғыл қызметтер де сол жерде жүр. Жедел штаб құрылды.
Қазір оқиға орнында үйінділер тазартылып жатыр.