×

«Мейірім жоқ»: Таразда ит мәселесін талқылауға жиналғандар өзара «ырылдасып» қалды

Таразда жыл басталғалы 2 172 адамды ит қапқан

 Ұлдана Жұбай 16.08.2022 | 15:55
Фото: ашық дереккөз

Таразда иесіз иттердің жағдайына қатысты жиын өтті. Бірі иесіз иттердің кесірінен адамдардың зардап шегетінін айтты, енді бірі иттердің қырылып жатқан алға тартты. Бірі итті пішу дұрыс деп санайды, екінші тарап оны қатыгездік деп атады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жиын кезінде тұрғындар иттердің адамды қабатынын, сол себепті тез арада шара қолдану қажет екенін айтты. Ал жан-жануарларға жанашырлық танытушылар қарсы тарапты мейірімді болуға шақырады.

«Ит адамның досы болса, досы шығар. Бірақ итке сенім жоқ. Жеті қазынаның бірі, бірақ иттің бәрі бірдей емес. Ақтөбедегі баланы ит талап тастаған жағдай естеріңізде болар?! Біздің қалада да иесіз ит өте көп. Өріп жүреді. Олардан қауіп көп екенін неге түсінбейсіздер? Тіпті жұқпалы ауру тарату, қала тазалығына нұқсан келтіру, адамды қауып алу, талап тастау сияқты мәселелердің иесіз иттерден туындайтыны белгілі. Иесіз иттердің өмірімізге қаншалықты қауіпті екені белгілі, олардың санын көбейтпей, қазірден бастап жоюды дұрыстап қолға алған жөн», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Орынбасар Тоқберген.

Ал белсенділердің бір парасы адамға иттен келетін қауіп жоқ екенін айтады.

Иттен адамға келетін қауіп жоқ. Шетелге шығып қараңыздаршы. Жан-жануарларға деген мейірімділікті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біздегі басты мәселе иесіз иттердің адамға шабуыл жасағаны емес, керісінше адамдарда аяушылық сезімінің жоқтығы, - дейді тараздық қоғам белсенділері.

Ал Жамбыл облысы ветеринария басқарамасы иттерді пішуге шамамен 52 миллион теңге қажет екенін айтады. Алайда нақты сомма облыстың бюджет комиссиясы бекіткен соң ғана хабарланады. Басқарма басшысы тез арада иттерді пішу қажет екенін айтты. Себебі жыл басталғалы Таразда 2 мыңнан аса адамды ит қапқан.

«Жыл басынан бері Тараз қаласында 2 172 адамды ит тістеп, олар денсаулық сақтау мекемелеріне қаралған. Оның ішінде он төрт жасқа толмаған 1 001 жасөспірімдерді ит қапқан. Итті пішу – жануарлардың жыныс бездерін алып тастау немесе аталық жануардың жыныстық қызметін тоқтату мақсатында олардың тұқым шашу қабілетін бұзу. 50 миллион теңгенің ішіне пішу, стерилдеу, вакциналау, сырға тағу да кіреді. Сол себепті осындай қомақты қаржыны сұрап отырмыз», - дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.

Жиын үш сағатқа созылды. Жиналғандар ортақ шешімге келе алмады, сондықтан тағы да қоғамдық талқылау өтуі мүмкін.

Айта кетейік, 2021 жылдың аяғында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң қабылданды. Оның ішінде жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру да қарастырылған. Сондай-ақ заң бойынша қаңғыбас жануарларды у, өзге де химиялық препараттарды пайдалану арқылы, кез келген тәсілдермен жансыздандыру арқылы санын азайтуға тыйым салынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама