Жаңа министр Сұлтановтың қант мәселесін неге шеше алмағанын түсіндірді
Басшы бұл проблема бірден шешілмейтінін меңзеді
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қант бағасына қатысты нақты пайымын айту үшін журналистерден бір апта уақыт сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысынан шыққан министрге журналистер қант қашан арзандайтынын, бұрынғы министр Бақыт Сұлтановтың қандай қателік жібергені туралы сұрақтар қойды.
Менің әріптесім Бақыт Сұлтанов – тәжірибелі, белсенді, кәсіби азамат. Әрине, қиын уақыт болды. Екі үлкен проблема туындады. Біріншісі COVID-19, екіншісі Украина дағдарысы. Әрине, бұл бағаларға да, логистикаға да әсер етіп жатыр. Сондықтан қазір біреуді жамандап, біреуді мақтайтын жағдайым жоқ. Қазіргі міндетім – ертең осындай жағдайды қайталатпау,- деді ведомство басшысы.
Серік Жұманғарин бүгінде көтерме саудада қанттың бағасы 700-800 теңгеге жеткенін, ал зауыттан шыққан өнімнің бағасы 450 теңге екенін атап өтті.
«Дәл қазір қант бағасы арзандайды деп айта алмаймын. Бүгін бірінші күн (министр ретінде – автор) жұмысқа шығып тұрмын. Бір апта беріңіздер», - деді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы қант нарығын реттеу үшін ірі зауыт салу керек емес деген пікірде.
«Қызылша неге өспейді? Қызылша өсіру деген оңай шаруа емес. Оған су, электр энергиясы керек. Қазақстанда барлық зауыт оңтүстікте орналасқан. Қазір онда электр энергиясы тапшы, су қымбат, тіпті жоқ деуге болады. Жақында сарапшылармен сөйлестім. Қызылша солтүстікте де, батыста да өседі. Сарапшылар үлкен, ірі зауыттар тіпті қажет емес шығар деп отыр. Бұл мәселелерді талқылаймыз. Менің ойымша, Ауыл шаруашылығы министрі осы қант саласын дамыту үшін кешенді жоспар дайындады. Олардың да ұсыныстарын қараймыз», - деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, осыған дейін Сауда және интеграция министрлігін Бақыт Сұлтанов басқарған еді.
Сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қант мәселесін шеше алмағаны үшін Вице-премьер – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған болатын.