Экономика министрі азық-түлікті қымбаттатпау шараларын ұсынды
Жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығына назар аударылды
Жыл басынан бері елдегі ауыл шаруашылығының жалпы өндірісі 2,1%-ке ұлғайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты.
Министрдің айтуынша, бұл саладағы өндірістің артуы 16 өңірде тіркелді. Әсіресе, ең жоғарғы өсу Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында байқалса, Қостанай облысында төмендеу бар.
7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай: Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 3 өңірде – Шымкент қаласы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында. 6 көрсеткіш бойынша өсім 8 өңірде, олар – Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Ақтөбе облыстары, – деді министр.
Сонымен бірге министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға көңіл бөлуді ұсынды.
«Азық-түлікті қолжетімді ету мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының шамадан тыс өсуін болдырмау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керек. Шикізаттық емес сектор инвесторлары үшін барлық қажетті басымдықтарды беріп, инвестицияларды қолдауға кешенді қарау керек. Қолда бар ресурстар мен құралдарды тиімді пайдаланып, егіс өнімдерін уақтылы жинауды қамтамасыз еткен жөн. Жаңа сауда нарықтарын іздеп, қазақстандық экспорттың үздіксіз жеткізілуіне қолдау көрсетіп, бизнеспен сапалы өзара іс-қимыл жасап, мемлекеттік қолдау құралдарын ұсыну қажет. Бұл шараларды толық іске асыру ел экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді», – деді Әлібек Қуантыров.
Айта кетсек, Үкіметте Қазақстанның қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып жатыр. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндауынша, аталған кезеңде Қазақстан экономикасы 3,3%-ға өскен.