Алматылықтар қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаевты ақтық сапарға шығарып салды
Балташ Тұрсынбаев 76 жасында дүниеден өтті. Қоғам қайраткерінің қазасына байланысты президент марқұмның туыстарына көңіл айтты
Алматылықтар мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаевты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ғылым ордасы ғимаратында өткен қаралы жиынға қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, диссидент Хасен Қожахмет, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы, қазақстандық кәсіпкер Болат Әбілов, «Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи, журналист Гүлжан Ерғалиева қатысты.
Жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жедел хатын Оразалы Сәбден оқыды. Ал Алматы әкімдігінің атынан қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбай қоғам қайраткерінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Балташ Тұрсынбаев Арыстағы жарылыста, Қордайдағы қырғында, соңғысы Қаңтар қырғынында елдің ортасында болды. Басқалар секілді денсаулығын сылтауратып бұғып жатқан жоқ… Ол ашуланып айтты, қатты айтты. Бірақ соны билік ұға алды ма? Менің ойымша, ұға алмады. Ұққан болса билік мынандай қателік жасамас еді. Ананың көз жасы төгілмес еді… Ұлылардың елін ұрылардың еліне айналдырғандардың арасынан, жоғары биліктен кетті. Қолын былғаған жоқ. Жүрегі таза, ойы таза азамат еді», – деді Рысбек Сәрсенбайұлы сөйлеген сөзінде.
Айта кетейік, Балташ Тұрсынбаев 2022 жылдың 14 тамызында 76 жасында дүниеден өтті.
Содан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Балташ Тұрсымбаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Молдабайұлы Тұрсымбаевтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Балташ Молдабайұлы ұзақ жылдар бойы еңбек жасап, бірқатар жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Қоғамымыздың дамуына бар күш-жігерін арнады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.
Балташ Тұрсымбаев 1946 жылы 24 қазан күні Ресейдің Омбы облысына қарасты Кіші Боранкөл ауылында туған. 1969 жылы Омбы ауыл шаруашылық институтын бітірген.
Балташ Тұрсынбаев 1992-1993 жылдары ауыл шаруашылық министрі және 1998-1999 жылдар аралығында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарды.
Ол ҚР қауіпсіздік кееңесінің хатшысы (1995-1996) және Қазақстанның Түркия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі (1996-1998) қызметін атқарды.
1993-1995 жылдары Қостанай облысы әкімшілігінің басшысы болған. 1995-1996 жылдары Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарды.
1996-1998 жылдары Қазақстанның Түркиядағы төтенші және өкілетті елшісі, 1998-1999 жылдары Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған.
1999 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысты.
2000 жылдардың соңында оппозицияға қосылды. Кейінгі жылдары еліміздің қоғамдық-саяси процесіне белсене араласып, оппозициялық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеді.
Марқұм Алматыдағы «Кеңсай-2» қорымына жерленді.
Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы