Halyq Uni логотип
×

«Ауыл шаруашылығы зардап шекпеуі керек». Әлихан Смайылов Энергетика министріне тапсырма берді

Үкімет басшысы дизель отынына байланысты жағдайды шешуді тапсырды

 Дастан Жұмабекұлы 16.08.2022 | 11:21
«Ауыл шаруашылығы зардап шекпеуі керек». Әлихан Смайылов Энергетика министріне тапсырма берді
фото: ашық дереккөз

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.

Үкімет басшысы кейбір өңірлерде дизельдік отын бойынша проблема туындап отырғанын атап өтті.

Бұл азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Егіс науқаны басталар алдында мұндай проблема қалай орын алып отыр?, –  деді Әлихан Смайылов Энергетика министріне. 

Өз кезегінде Энергетика министрі Болат Ақшолақов дизель отынына жоғары сұранысты жабу үшін барлық ресурстардың бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ЖҚС-ға бөлінетінін хабарлады. Өнеркәсіп кәсіпорындары мен ҚТЖ үшін отын қалдықтары екінші кезекте бөлінетін болады. Ал жетіспеген жағдайда қажетті көлем импортталады.

Бұдан басқа, министрлік шекара периметрі бойынша транзиттік көлік үшін дизель отынына сараланған баға белгілеуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Бағалар тұрғылықты жеріне, тұтыну көлеміне және көлік түріне қарай сараланатын болады.

Мәселен, қазақстандықтар үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда, қазіргі баға – 230-260 теңге бойынша лимит тәулігіне 100 литр дизель отын болса, Қазақстанда тіркелген жүк көлігі үшін – тәулігіне 300 литр. Қалған адамдар тобына, сондай-ақ көрсетілген көлемнен артық дизель отыны үшін 1 литр 450 теңгеден сатылатын болады.

Баяндаманы тыңдап болғаннан кейін Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне отандық нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін барлық шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды.

Жанармай құю станцияларының иелерімен тиісті жұмыстар жүргізу керек. Азаматтарымыз бен ауыл шаруашылығы саласы зардап шекпеуі керек. Болат Оралұлы, жағдайды күнделікті жеке бақылауыңызда ұстаңыз, –  деп тапсырма берді Премьер-министр. 

Энергетика министрі күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді отынмен қамтамасыз ету министрлік пен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының бақылауында болатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама