Игерілмеген қаражаттың көлемі - 31 млрд теңге
Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын игере алмаған министрліктерді атады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Биыл 7 айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ке атқарылған.
«31 млрд теңге игерілмеген, үнемделгені – 10 млрд теңге. Игерілмеген қаражаттың басым бөлігі Білім және ғылым, Ішкі істер, Қаржы және Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі», – деді министр.
Вице-премьер Ерұлан Жамаубаев мемлекет қаражатын уақытында игерілмеуіне әсер еткен факторларды атады.
Шарт жасасу рәсімдерін ұзақ уақыт жүргізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, төлем шоттарын кеш ұсыну, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілуі, есепті айда қаражаттың шығындалуына қажеттіліктің болмауы, - деді ведомство басшысы.
Министр жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,5 трлн теңге болғанын атап өтті.
«Атқарылмағаны – 113 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 тамызға 1,6 трлн теңге бөлінген. Оның 97%-і игерілген. Атқарылмағаны – 48 млрд теңге, оның ішінде 5 млрд теңге – үнемдеу, 43 млрд теңге игерілмегені. Ең көп игерілмен сома Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.