Бағбандар бақшасын «қыркүйек соқты» деп жататын үсік биыл ерте жеткелі тұр
Алдағы күндері Қазақстанның солтүстігі мен шығысында -2 градус үсік жүреді деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
Қазақстан аумағының басым бөлігі солтүстік-батыс антициклонның ықпалында болады. Алдағы тәуліктерде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Аптаның ортасына қарай температуралық фон біртіндеп төмендейді. Республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында және орталығында түнгі және таңертеңгі сағаттарда топырақ бетінде -2°С-қа дейін үсік күтіледі, - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, қазақ халқы күз мезгілінің бастауын Үркер жұлдызының қозғалысына байланысты анықтаған. Түлік күйекке түсер айда (қыркүйек – «қырық күйек» деген сөз) сол Үркер көкке өрлеп туады. Тамыз айынан бастап біртіндеп көтеріле береді. Күздің алғашқы белгілеріне қатысты «Үркер туса – таң суиды, Сүмбіле туса – су суиды» деген тәмсіл содан туған.
Демек, бағбандар бақшасын «қыркүйек соқты» деп жататын үсік биыл ерте жеткелі тұр.