Президенттен сөгіс алған Бақыт Сұлтанов қызметінен босатылды
Бақыт Сұлтанов 2019 жылдың маусымынан бері Сауда және интеграция министрі болды
Серік Жұманғарин премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндеттерін атқарушы болып тағайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақорданың хабарлауынша, президент жарлығымен Бақыт Сұлтанов премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметке 2019 жылдың маусымында кіріскен.
Айта кетейік, Серік Жұманғарин бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Серік Жұманғарин 1969 жылы 22 шілдеде дүниеге келген.
Мәскеу энергетикалық институтын «Жылуфизика» мамандығы бойынша бітірген. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «қаржы және кредит» мамандығы бойынша бітірген.
2013 жылы Халықаралық бизнес академиясын «менеджмент» мамандығы бойынша бітіріп, іскери әкімшілдендіру магистрі атағын алған.
Еңбек жолын 1993 жылы бастаған. Сол уақыттан 2004 жылға дейін түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басшылық қызмет атқарған.
2005 жылы Ақтөбе қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары болды.
2008 жылдың маусымынан 2010 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы индустрия және сауда министрлігінің сауда комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Әр жылдары экономикалық даму және сауда министрлігінде, өңірлік даму министрлігінде, ұлттық экономика министрлігінде қызмет атқарды.
2019 жылы Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі болды.