Halyq Uni логотип
×

«100 км сағатпен жүйткиді». Бадам ауылы тұрғындары теміржолдан өтуге қорқып отыр

Теміржол әкімшілігі күзетшілерді қысқартып қаржы үнемдемек

 Ая Өміртай 15.08.2022 | 15:38
«100 км сағатпен жүйткиді». Бадам ауылы тұрғындары теміржолдан өтуге қорқып отыр
Коллаж: Halyq Uni

Түркістан облысы Бадам ауылының тұрғындары теміржол бекетінің қараусыз қалуына наразы, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Олардың айтуынша, теміржол әкімшілігі төрт күзетшіні алып тастап, қаржы үнемдеп отыр.

Бадам ауылы округіне қарасты Қарабастау елді мекені мен Ақбұлақ ауылының ортасынан өтетін теміржол мәселесі маңайындағы тұрғындарды он шақты жылдан бері алаңдатып келеді. Өйткені мұнда жүк пойызы мен жолаушылар пойызы сағатына 80-100 километр жылдамдықпен жүйткиді. Ал ауыл арасына жаяу қатынайтын мектеп оқушылары үшін қараусыз қалған теміржол бекеті арқылы өту қауіпті.

Белсенді Руслан Құдияров теміржолдағы қауіпсіздік мәселесін үш жылдан бері көтеріп келеді. Оның айтуынша, оқыс оқиға болмай тұрғанда мәселенің алдын алу өте маңызды.  

Қарабастау елді мекені мен Ақбұлақ ауылыны қақ ортасында орналасқан өтпелі бекетті қараусыз қалдырып, бюджеттерін үнемдемекші. Менің өтінішім – бекет қараусыз қалмауға тиіс. Біздің ауылға баратын және шығатын басты жол осы бекет арқылы өтеді. Басқа жақтан өту мүмкін емес. Үш жылдан астам уақыт бойы теміржол бекетінің қараусыз қалмауын сұрапкелеміз. Айтқан сайын 2-3 ай тыныштандырып, халықты алдап қояды. Асығыс-үсігіс өте саламыз деп оқыс оқиғалар да болуы мүмкін. Ауылда 50-ден астам үй бар. Ауыл тұрғындарының өмірі мемлекет үшін маңызды болуы керек, – дейді Руслан Құдияров.

Белсендінің айтуынша, теміржол өткелі арқылы күніне жүздеген жүк көлігі арғы бетке өтеді. Ал темір жол төңірегінде қауіпсіздік шарасының сақталмауынан пойыз астына адам да, мал да түсіп кетуі әбден ықтимал.

Теміржолдың қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталуына жауапты – жергілікті әкімдік пен ҚТЖ басшылығы әзірге толымды жауап айтпай отыр. Олардың мәліметінше, жоғарғы жылдамдықтағы пойыздардың жүру кестесіне жергілікті тұрғындар өздері бейімделуі керек. 

«Арыс-2 – Қалаш 3227 шақырым пк 3, Бадам – Игілік аралығы 3259 шақырым пк 7 орналасқан күзетсіз өтпелерге уақытша пойыз қозғалысын сақтау мақсатында, сонымен қатар жергілікті тұрғындарды пойыздардың жүруіне үйренгенше кезекшілер қойылған. ҚР ИИДМ бұйрығымен бекітілген темір жол өтпелерін техникалық пайдалану, қызмет көрсету және жөндеу қағидалары бойынша кейбір өтпелерден (3 және 4-санаттағы өтпелер) күзетшілер алынып тасталды. Олар автоматты өткізетін құрылғылармен, түнде көрінетін жол белгілерімен және электр жарығымен жабдықталған. Осының барлығы пойыз бен автокөлік қозғалысын қауіпсіз етеді», – делінген ҚТЖ жауабында.

Қарабастау ауылының тұрғыны Ермек Мәмбетұлы «күзетшілерді күндізгі кезекке уақытша шығарады» деген әкімдік жауабымен келіспейтіндігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл халықты алдаусырту ғана. Өйткені күзетшілер отыратын тұрғын-жайды қазір бұзып әкетуге кіріскен.

Бұл мәселені айтып келе жатқанымызға биыл төртінші жыл кетті. Теміржол өткеліндегі шлагбаумды қараусыз қалдырмақ. Арғы бетте мың гектардан астам егістік бар. Соған күнде трактор, комбайн өтеді. Бадам елді мекеніне қатынап оқитын мектеп оқушылары бар. Ал ҚТЖ өкілдерінің жауабына күмәнмен қараймыз. Қазір күзетшілердің отыратын тұрғын-жайды бұзып әкеткелі жатыр. Тұрғындардың қауіпсіздігіне ешкім жауап бергісі келмейді, – дейді шарасыз тұрғын.

Айта кетелік, Қазақстанда биыл теміржол бойында 55 адам мертіккен. Арасында кісі өлімі де бар. Жазатайым жағдайдың негізгі себебі – теміржол көлігіне қатысты қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Көлік полициясы департаменттің мәліметінше, жыл сайын мыңға жуық мал пойыз астына түседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама