×

Таубаев ісі: сот адвокаттың бір өтінішін ішінара қанағаттандырды

10 жылға бас бостандығынан айырылған Нұрлан Таубаев сот үкіміне келіспей, апелляциялық шағым түсірді

 Айнұр Асылбекқызы 15.08.2022 | 14:23
Halyq Uni/Ainur Saparova

Атырау облыстық сотында 10 жылға сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаевтың апелляциялық шағымына қатысты екінші сот отырысы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сот отырысында Атырау облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы тараптардың өтінішін қарады.

Таубаевтың адвокатының бірі Нұртас Аманбаев сот процесіне барлығы қалыпты режимде қатысуын сұрады. Ол қазір карантин, пандемия секілді кедергінің жоқ екенін алға тартты.

Аманбаевтың екінші өтініші – Таубаевты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үй қамаққа алуға өзгерту.  

Бірінші сатыдағы соттың үкіміне сәйкес Таубаев жазасын қауіптілігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуі қажет. Алайда Таубаев қазір орташа қауіпсіздіктегі мекемеде жазасын өтеп жатыр.

Соған байланысты адвокат Аманбаев «Таубаевқа қатысты бұлтартпау шарасын бірінші сатыдағы сот шешіміне сәйкес өзгертсе жөн болар еді» деді.

Бұл өтінішпен жәбірленуші Айбек Тілемісовтің адвокаты келіспеді. Ол дәл қазір бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ деп есептейтінін айтып, бұл өтінішті қанағаттандырмауды сұрады.

Сот тараптардың пікірін тыңдап, адвокат Аманбаевтың өтініші бойынша шешім шығару үшін үзіліс жариялады.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Раиса Аққұлова бірінші өтініш ішінара қанағаттандырылғанын айтты. Енді Нұрлан Таубаевтың адвокаттары сот отырысына онлайн және офлайн режимде қатыса алады. Ал прокурор Лаура Саматова және сотталған Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров сот залына міндетті түрде келуге тиіс.

Сот отырысы 15 тамызда жергілікті уақыт бойынша 15:00-де жалғасады.

ТАУБАЕВ ІСІ

2022 жылыдң 17 мамырында Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаровқа қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен Таубаев 10 жылға, Басаров 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаров сот үкіміне шағымданбады. 

2020 жылдың шілдесінде Атырау облысының әкімдігімен Жылыой ауданының Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС арқылы орындаған.

Сотталушы Нұрлан Таубаев облыс әкімінің орынбасары құрылыс саласына жетекшілік етіп, «БКК» ЖШС директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Кейін сотталушы Тимур Басаровтың (құрылыс басқармасының басшысы) қатысуымен пара сомасы 7% – 185 500 000 теңге мөлшерінде келісілген.

Таубаев сотталушы Басаровқа ақшаны алып келуді тапсырған. Содан кейін Басаров жәбірленушіден 185 730 004 теңге (423 900 АҚШ доллары және 5 000 000 теңге) мөлшерінде пара алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама