Оңтүстік Кореяға ағылғандар: визасыз кіруге рұқсат берілгелі 250 қазақстандық әуежайдан кері қайтты
Оңтүстік Корея тарапы шекарада бақылауды күшейтті
Оңтүстік Кореяға визасыз кіруге рұқсат берілген 4 ай ішінде 250 қазақстандық Инчхон халықаралық әуежайынан кері қайтарылды. Бұған Оңтүстік Корея тарапының Қазақстан азаматтарына қатысты елге кіру талабын күшейткені себеп болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 2022 жылдың сәуіріндегі ақпарат бойынша 29 мыңнан астам қазақстандық Оңтүстік Кореяда тұрады. Оның ішінде 22 мың қазақстандықтың заңды құжаты бар, яғни бірқатар азаматқа Оңтүстік Кореяда тұрақты тұруға рұқсат берілген.
Оңтүстік Корея иммиграция қызметінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың мамырында Қазақстанның 7 мыңға жуық азаматы заңсыз мигрант ретінде тіркелген, - делінген сыртқы істер министрлігінің Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.
Айта кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстан үкіметі мен Оңтүстік Корея үкіметі арасындағы визаға қатысты келісім қалпына келтірілді. Нәтижесінде қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады.
«Алайда Оңтүстік Кореяда қазақстандық заңсыз еңбек мигранттары санының ұдайы өсуі өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Оңтүстік Кореяның иммиграция қызметі әртүрлі мақсатта барған Қазақстан азаматтарын елге кіргізбеу және оларды кері қайтару бойынша 2022 жылдың сәуір – шілде айында мониторинг жүргізді. Нәтижесінде шамамен Қазақстанның 250 азаматы Инчхон халықаралық әуежайынан кері қайтарылған», - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Министрліктің хабарлауынша, заңсыз мигранттардың өсуіне тосқауыл қою үшін Оңтүстік Корея тарапы Қазақстан азаматтарына қатысты елге кіру талабын күшейтіп, қатаң шаралар қабылдап жатыр. Енді Оңтүстік Кореяның халықаралық әуежайларының бақылау-өткізу бекеттерінде шекара қызметкерлері шетелдіктердің келу мақсатын анықтау үшін олармен қатаң тәртіпте бетпе-бет әңгімелеседі. Сұқбат барысында келу мақсаты нақты емес азаматтар өз еліне қайтарылады.