Рыбакина топ-25 теннисшінің қатарына қайта қосылды

Дастан Жұмабекұлы

Бүгін ол АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтетін турнирде кортқа шығады

фото: ашық дереккөз

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдегі үздік 25 теннисшінің қатарына қайта қосылды.

Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жариялаған рейтингіде Елена Рыбакина 27-ден 25-орынға көтерілді. Бүгін ол АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтетін турнирде  1/32 финалда кортқа шығады. Оның қарсыласы – WTA рейтингінде 60-орында тұрған мысырлық Майар Шериф.

Торонто турнирінің ширек финалына дейін жеткен Юлия Путинцева 46-дан бірден 38-орынға шықты.

Зарина Дияс 244-тен 241-ге, Гөзал Айнитдинова 587-ден 584-орынға орналасты.

Жұптық сында Анна Данилина 21-орнында қалса, Жібек Құламбаева 258-сатыға жайғасты.

Ерлер арасында Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 41-ден 42-ге, Дмитрий Попко 189-дан 219-ға түсті. Михаил Кукушкин 222-ден 213-орынға шығып, қайтадан Қазақстанның екінші ракеткасы атанды.

Жұптық сында Андрей Голубев 44-тен 47-ге сырғыса, Александр Недовесов 57-ден 54-ке көтерілді.