Рыбакина топ-25 теннисшінің қатарына қайта қосылды
Бүгін ол АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтетін турнирде кортқа шығады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдегі үздік 25 теннисшінің қатарына қайта қосылды.
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жариялаған рейтингіде Елена Рыбакина 27-ден 25-орынға көтерілді. Бүгін ол АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтетін турнирде 1/32 финалда кортқа шығады. Оның қарсыласы – WTA рейтингінде 60-орында тұрған мысырлық Майар Шериф.
Торонто турнирінің ширек финалына дейін жеткен Юлия Путинцева 46-дан бірден 38-орынға шықты.
Зарина Дияс 244-тен 241-ге, Гөзал Айнитдинова 587-ден 584-орынға орналасты.
Жұптық сында Анна Данилина 21-орнында қалса, Жібек Құламбаева 258-сатыға жайғасты.
Ерлер арасында Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 41-ден 42-ге, Дмитрий Попко 189-дан 219-ға түсті. Михаил Кукушкин 222-ден 213-орынға шығып, қайтадан Қазақстанның екінші ракеткасы атанды.
Жұптық сында Андрей Голубев 44-тен 47-ге сырғыса, Александр Недовесов 57-ден 54-ке көтерілді.