Балаларға бұл жеңістері үшін 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы беріледі
Биыл жас отандастарымыз әлемнің ең беделді саналатын білім додаларында рекордтық көрсеткішке жетіп, 27 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, балалар кезекті жеңіске Индонезияда өткен информатикадан халықаралық олимпиадада қол жеткізді. Оған Қазақстанның атынан 4 оқушы қатысқан. 90-ға жуық елден келген 350-ден астам қатысушының басын қосқан жарыста 4 оқушы да жүлделі орындарға ие болды да, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, оралдық Жамбыл Мақсотов пен семейлік Мұхаммадариф Сахмолдин күміс, ал алматылық Ван Ли мен Таймас Қорғанбаев қола жүлдені иеленді.
Осылайша, қазақстандық оқушылардың 2022 жылы ең беделді халықаралық олимпиадаларда жеңіп алған медальдарының саны рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстан құрамасының қоржынында 27 медаль бар, оның ішінде 3 алтын, 15 күміс және 9 қола, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Сонымен бірге биыл алғаш рет Президенттің қолдауының арқасында халықаралық жарыстардың жеңімпаздары 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы мен ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-да оқуға грантқа ие болатыны белгілі болды.
«Оқушыларымызды жаңа жоғары нәтижелерімен және лайықты марапаттарымен құттықтаймын. Ата-аналарына қолдау көрсеткендері үшін, педагогтерге еңбектері мен кәсіби шеберліктері үшін алғыс айтамын», – деді министр.