Қазақстанда қазақ тілін білмей мемлекеттік қызмет істей алмайтын, қазақ тілінсіз бизнес жасай алмайтын күнге жету керек, дейді ол
Бізде бір оңбаған түсінік қалыптасқан.
- егер орыс тілін білмесең, жақсы жұмысқа тұра алмайсың!
- орыс тілінсіз бизнес жасай алмайсың!
- орыс тілін білмесең, қалада өмір сүре алмайсың!
Яғни «орыс тілінсіз нан жоқ» деген түсінік қалыптасқан. Соның кесірінен орыс тілін білмеген адам білімсіз деген түсінік санаға сіңіп кеткен.
Орыс тілінде сөйлеуді мәртебе, орыс тілінде жазуды білімділіктің көрінісі секілді көретін қауым көп.
Тіпті өзімнің жерлестерім, шеттен келген қандастарым Қазақстанға келгенде бірінші қазақ тілін емес, орыс тілін үйренеді. Оқуға түскен іні-қарындастарым әлеуметтік желіде посттарын орыс тілінде жазады. (Шындап келгенде, ол тілді білмейді де).
Бірақ жұртқа жүнін жылтырату психологиясы.
Баяғыда ЕҰУ-ға бірінші курсқа оқуға түскенде тобымызда қазақы өңірлерден келген қыздар көп болды. Соның көбінің орысшасы өте нашар еді. Бірақ 4-курста солардың көбі қазақшадан гөрі орысша көп сөйлейтін болып кетті. Сол баяғы қазақша сөйлеуді намыс, орысша сөйлеуді мақтан көретін психология.
Тіпті бір қызық айтайын, бірінші курста тобымызда сондай бір Томирис (аты өзгертілді) деген қыз болды. Оқуға түсе салған бірінші семестрде орыс тілінен мен де, ол қыз да үш алдық. Шәкіртақыдан екеуіміз де айырылдық. Оның орысшасы да менікінің айналасы еді. Кейін оқуды бітіріп кетіп, екі жылдан соң магистратураға түстім. Ана қыз магистратураның екінші курсында оқиды екен. Содан әңгімелесіп отырғанбыз, бір уақытта әңгімеден әңгіме шығып, диссертацияға ауысқанда әлгі Томирисім:
- Мен диссертацияны орысша қорғайын деп едім, қазақ тобына орысша қорғауға рұқсат бермей қойды, - дейді.
- Неге орысша? Қазақша қорғай бермейсің бе, - десем,
- Қазақша маған қиын, орысша түсіну жеңіл, - деп қарап тұр. Күлерімді не ашуланарымды білмедім.
- Томирис, айналайын, бірінші курсқа келгенде сен де, мен де орысша бір ауыз білмейтін едік, екеуіміз де жалынып жүріп үш алып едік, өзіңше болмашы, - дедім. Шынында, қазақша түсінбейтіндей ұмытып қалған жоқ, жай сол арсыз мақтан.
Өмірдегі мысал ғой, бірақ қоғамнан бұндай оқиғаны жиі көремін. Қиналып орысша сөйлеп, қиналып орысша жазып жүреді. Тіпті орысша білмейді, бірақ жұмыс іздеу үшін түйіндемесін орысша жазып алады. Неге? Тағы сол жоғарыдағы түсінік.
Енді әлқисса әңгімеме қайта оралайын. Орыс тілінсіз өмір сүруге, жақсы жұмыс істеуге, бизнес жасауға бола ма?
- БОЛАДЫ !!!
Соны дәлелдегім келді. Отаныма оралғалы 16 жыл, жұмыс істегелі 12 жыл. Орыс тілінсіз өмір сүріп келемін. Орыс тілінде құжат толтырмаймын. Орыс тіліндегі құжатқа қол қоймаймын. Ұстанымым сол, қандай жағдай болса да, бұзбаймын.
Бастапқы кезде мұғалім болдым, аса қажеттілік тумады. Республикалық «QAZBILIM» орталығын құрғалы бері орысша топ ашайық, жарнаманы орысша жасайық, - деген ұсыныс өте көп болды. Ұлтшылдық - бизнестің жауы, ондай қырыстық дамытпайды, - деген ақылшылар көп болды.
- Жоқ, орыс тілінсіз дамымай қалсам, дамымай-ақ қалдым. Орыс тілінде еш нәрсе болмайды деп қатаң ұстанымда келемін. 7 жылға жуық, тіпті соңғы екі жылда Петропавл қаласында QAZBILIM осы ұстанымда жұмыс істеп тұр. Биыл Қостанайдан QAZBILIM лицейін аштық. Онда да осы ұстаным. Қанша жерден солтүстік өңір болса да, орыс тілінсіз жұмыс жасау - басты ұстаным.
12 облыста білім беру саласында қызмет етіп келеміз, 300-ге жуық адам жұмыс істейді. 120-дан астам оқу әдістемелік құрал шығардық. Жылында 3000-4000 оқушы бітіреді. Бірақ қиналып жатқан біз жоқ. Есесіне талай мекеме бізбен келісімшарт жасау үшін қазақ тіліндегі келісімшарт үлгісі жоқ қиналды, орысша жасауды өтінді, соңында аудармашы жалдап қазақша келісімшарт алып келді.
Қазір өзім мемлекеттік мектепте басшылықта болғасын орысша құжат көп келеді. Хат жіберемін немесе телефон соғып қазақшасын жіберуді сұраймын, орысшасын толтырмаймын, мәдениетті түрде «мемлекеттік тілдегі нұсқасын жіберіңізші деймін» деп отырамын. Ешкімнің жоқ деуге қақысы жоқ, дайындап жібереді.
Біреулер оңбаған дейтін шығар, біреулер ұлтшыл дейтін шығар, дей берсін. Бастысы - қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, көп мекемелер қазақ тілін білмесе болмайтын жағдайға кетіп бара жатқанын түсіндіруге сәл де болса әсер ете алсам болғаны. Мейлі сыртымнан сыбап боқтай берсін.
Бірде мектепке бір компания қызметкері келді, кабинетіме кіріп, бір заттарын ұсынып орысша бұрқыратты. Сосын,
- Қазақша сөйлейсіз бе, - деп едім.
- Жоқ, мен қазақша білмеймін, - деді.
- Кешіріңіз, - мен орысша білмеймін. Я не понимаю по-русски, - дедім. Көзі бақырайып кетті.
- Как, вы - директор? - дейді.
- Иә, директормын, мемлекеттік тілді білемін, көршінің тілін білу талабы бізде жоқ, - дедім. Таңғалған пішінде шығып, хатшымнан шын ба деп сұрапты.
Яғни, орыс тілін білмейтін адам басшы болмайды деген сана сіңіп кеткен. Түсіне алмай таңғалып тұр.
Мен ішімнен қуандым. Дұрыс болды, қазақ тілін білуі керек екенін түсінді деп ойладым.
Білмеймін, орыс тілінсіз жақсы өмір сүруге болатын, жетістікке жетуге болатынын дәлелдегім келеді. Дәлелдеп жүрмін, жалғасты дәлелдей беремін деп сенемін.
Келісесіздер ме?
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ