Қарағанды облысында жантүршігерлік көлік апаты болды

Халық үні

Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

коллаж: Halyq Uni

Қарағанды облысында өткен тәулікте үш жол апаты болды. Көліктердің соқтығысуы салдарынан төрт адам қаза болды, деп хабарлайды Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлерінің жол ережелерін қатаң сақтау, жылдамдықты шектен тыс асырмау туралы бірнеше ескертуіне қарамастан, соңғы қайғылы жағдайға соқтырған жол апттары жиілеп кетті. Тек, өткен тәулікте Қарағанды облысының жолдарында 3 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, төрт адам қаза тапты.

«13 тамыз күні түнгі сағат 01.30 шамасында, «Ақсу-Аюлы-Ағадыр» тасжолында Ағадыр кентінен 30 шақырым жерде 20 жастағы «БМВ» автокөлігінің жүргізушісі алдын ала болжам бойынша Ағадыр кентіне бара жатып, рөлге ие бола алмай қалып, аударылған. Оқиға салдарынан көліктегі екі жолаушы оқиға орынында қаза тапты», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Дәл осы күні сағат 13:10-да «Қарағанды-Балқаш» тасжолында Жұмабек ауылына 5 шақырым жетпей 42 жастағы көлік жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, 63 жастағы азаматтың басқаруындағы «Лексус» автокөлігімен соқтығысқан. Екі автокөліктің жүргізушілері әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Соңында «Лексус» автокөлігінің жүргізушісі ауруханада қайтыс болды.

13 тамыз кешкі сағат 20:11-де «Ялта-Құлайғыр» тасжолында 64 жастағы «Тайота Превия» автокөлігінің жүргізушісі алдын ала болжам бойынша көлікті басқара алмай 39 жастағы азаматтың басқаруындағы «Лада-Приора» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан 49 жастағы «Лада-Приора» автокөлігінің жолаушысы алған дене жарақаттары салдарынан оқиға орынында қаза тапты. Сондай-ақ, «Лада-Приора» автокөлігінің 3 жолаушысы, «Тайота Превия» автокөлігінің жүргізушісімен 5 жолаушысы әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Қарағанды облысы Полиция департаменті көлік жүргізушілерді осындай қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін қарапайым ережелерді сақтап, жылдамдықты асырмауға шақырады.