Украина әскерилері ресейліктерді екі селодан қуып шықты

Дастан Жұмабекұлы

Олар Донецк облысының Спорный және Серебрянки селоларын азат етті

фото: ашық дереккөз

Украина қарулы күштері өткен тәуліктің ішінде Донецк облысындағы екі селодан оккупанттарды қуып шықты.

Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.

Луганск облысы әскери әкімшілігінің бастығы Сергей Гайдай басқыншылардың үлкен шығынға ұшырағаннан кейін екі елді мекенді тастап шыққанын жеткізді. Олар жауды Донецк облысының Спорный және Серебрянки селоларынан Луганск облысының шекарасына дейін қуып тастаған.

Оның айтуынша, ресейліктер Луганск облысына қайта шабуыл жасау жоспарынан әлі бас тартпаған. Мұнда ұрыстар күндіз де, түнде де тоқтаусыз болып жатыр. Шайқас таң азаннан басталып кетеді.

Тамыздың 14-не қараған түні жаудың артиллериялық бөлімшесі 15 рет елді мекендерді стволды және реактивті қарулардан атқылаған.