Бақытжан Бұқарбай бұл ескерткіштегі жазулар қазіргі қазақ идеологиясына мүлде жат екенін айтты.
Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылының бейіт маңында тастан жасалған үлкен ескерткіш орнатылған. Тас бағанда тарих қойнауында келмеске кеткен орыстың империялық көзқарасын ашықтан-ашық сипаттайтын жазулар жазылған. Бұл туралы баспагер, публицист Бақытжан Бұқарбай видео үндеуінде баяндайды.
Осындай типтегі стелаларды орыс империясы басып алған жеріне қоятын болған. Мұндағы жазуы бар тақтайшалар жақында қойылғаны көрініп тұр. Тақтайшаны орнатқандар импершіл көзқарастағы адамдар деуге болады. Өйткені жазулар 1917 жылға дейін қолданылған орыс әліпбиімен жазылған. Қазіргі әліпбимен жазса бір сәрі. Демек бұлардың пиғылы дұрыс емес, - деді ол.
Бақытжан Бұқарбай ескерткіштің екі жағына қойылған төрт тақтайшадағы жазуларды оқып берді.
Бірінде: «1860 жылы болған Ұзынағаш шайқасында жеңіске жеткеніміздің құрметі үшін орнаттық», - деп жазса, екіншісінде: «Во славу русского оружие», - деп, үшіншісінде: «В честь освобождение казахских земель от благодарного народа», - деп жазыпты.
Бұл нағыз империяның көрінісі. Төбесінде бүркіт орнатылған стелла обелисктерді орыстар Бородино шайқасында жеңген кезде қойған. Бұлар орыс қару-жарағының даңқы үшін, әскердің даңқы үшін деген мақсатта орнатылады. Төрт жаққа қаратып төрт зеңбірегін қойған, - дейді баспагер.
Бақытжан Бұқарбай бұл ескерткіштегі жазулар қазіргі қазақ идеологиясына мүлде жат екенін айтты.
Бұл не масқара? Өздері келіп жерімізді басып алып, «Біз қазақ жерін босаттық» деп, осындай ескі, сасық пиғылын көрсететін дүниені орнатып қойыпты. Бұл қазіргі қазақтың, Жаңа Қазақстанның идеологиясына жат нәрсе. Бұл тақтайшаларды алып тастау керек. Біздің үндеу осы, - деді ол.