Полицияның мәліметінше, қаза тапқандар арасында 8 және 11 жасар 2 бала бар
Қайғылы оқиға елдің мәдени астанасы саналатын Цетине қаласында болған. Бұл туралы елдің ұлттық телеарнасы полицияға сілтеме жасап хабарлады.
Полицияның мәліметінше, қаза тапқандар арасында 8 және 11 жасар 2 бала бар. Балалардың анасына да оқ тиген, ол ауруханада қайтыс болған.Тағы 6 тұрғын жарақат алған. Оқиға орнына келген полицейлермен атысқан күдіктінің көзі жойылды. Тәртіп сақшылары әзірге оның аты-жөні мен жеке басына қатысты ақпаратты жарияламай отыр. Тергеу жалғасуда.
34 жастағы ер адам алдымен өзінің үйін жалдап тұрған отбасы мүшелеріне оқ атқан. Аңшы мылтығын пайдаланған ол үйден шығып, сол маңдағы адамдарды да оқтың астына алған. Оқиға орнына келген офицерлермен атысқан. Бір полицей ауыр жарақат алды. Осындай жантүршігерлік қылмысқа не себеп болғаны әзірге белгісіз, - дейді Черногория полиция басқармасының директоры Зоран Брджанин.