«Көршінің әңгімесі естіледі»: тұрғындар бағасы удай баспаналардың сапасыздығына шағымданды

Халық үні

Заңгердің айтуынша, құрылысшылар көбіне шу оқшаулайтын материалды қолданбайды, қолданса да, сапасызын қояды

Фото: strategy2050.kz

Қазақстандағы баспаналардың бағасы удай болғанымен, сапасына көптің көңілі толмайтыны белгілі. Біздегі қымбат тұрғын үй кешендерінің өзінде шудан қорғайтын арнайы материалдар қолданыла бермейді екен. Тіпті жаңадан салынған 207 тұрғын үй кешенінде шудан қорғайтын материалдар стандартқа сай емес. Соның кесірінен тұрғындардан көршілердің ыдыс-аяғының сылдырын былай қойғанда, жұқа қабырғадан әңгімелері де естіледі деген шағым жиі түсетін болған. Ал заңгерлердің айтуынша, тұрғындар құрылыс компаниясынан шудан қорғау туралы тиісті құжаттарының бар-жоқтығын білуге құқылы, деп хабарлайды  «Информбюро» бағдарламасы.

Ақыл Қуатбеков пәтерін биыл сатып алған. Алматының тыныш ауданынан алдым дегені болмаса, үйдегі жағдай тым басқа дейді. Қабырғалардың жұқа екенін айтқан ол көршілердің сөзін мен естіп, менің айтқанымды олар етіп отырады дейді. Тіпті жоғары қабаттағы тұрғындардың әр қадамдары естіледі екен. Өз үйімде сәл дауыс көтеріп сөйлей қалсам, артынан есік қағып келіп тұрады дейді тұрғын.

Сендер шулап жатырсыңдар деп батарея қағады, ал негізі біз үйде күліп не болмаса қатты сөйлесіп отырамыз. Сөйтіп, біздің үстімізден шағымданады, полиция шақырамын деп қорқытады. Себебі қабырға тым жұқа, – дейді Ақыл Қуатбеков. 

Елімізде соңғы үш жылда Ұлттық сараптама орталығы еліміздегі тұрғын үй кешендерінің шу оқшаулау стандарттарына 1160 қорытынды, яғни тексерілді деген құжат берген. Соның 18 пайызы, яғни 207 жаңа тұрғын үйдің дыбыс оқшаулау сапасы стандарттарға сай болмай шыққан.

Заңгердің айтуынша, құрылысшылар көбіне шу оқшаулайтын материалды қолданбайды, қолданса да, сапасызын қояды. Ал тұрғындардың көршілерінің дауысын естімеу үшін арнайы материалмен қабырғаларын қаптап алуына ешқандай шектеу жоқ.

Көршілердің дауысы естіліп жатса, олармен ортақ қабырғаларыңызды өз жағыңыздан дыбысты оқшаулайтын материалмен қаптап алуға болады. Бұл заңмен шектелмеген, – дейді заңгер Ғабит Өмірбеков. 

Ал дәрігерлер адамның шуға құлағы үйреніп кетуінен жүйке жүйесі зақымданады дейді. Себебі шу ағзаға негативті әсер етеді.

Көшедегі не көрші үйден естілетін шулар адам ағзасына негативті әсер жинайды. Құлақ шуға үйреніп кетсе, мидың қан айналымы бұзылып, жүйке жасушалары зақымданады. Адам тез ашуланып, өзіне сезілмесе де, әлденеге алаңдап жүреді, – дейді невролог Галия Осман.

Құрылыс нормалары мен ережелері туралы Заңнамаға сәйкес, 2019 жылдан бастап құрылысшылар стандартты көрсеткіштер бойынша ауадағы және соққы шуының деңгейін өлшеуге міндетті. Жаңа тұрғызылған үйлер алдымен Ұлттық сараптама орталығының тексеруінен өткен жағдайда ғана пайдалануға беріледі. Сондықтан, пәтер сатып аларда үй тұрғызған компаниядан шу оқшаулау стандарттары бойынша қорытындының бар-жоғын сұрауға құқылысыз.