«Мектепке жол». Атырауда 1-сынып оқушысына ересек адамның киімі берілді
Тігінші оны қайта тігіп беруге 30 мың теңге сұраған
Атырауда көпбалалы отбасынан шыққан балаға бірнеше есе үлкен мектеп формасын берген. Киімнің кеңдігі сонша, оны қысқартып тігіп беру үшін тігінші 30 мың теңге сұраған деп хабарлады жергілікті «Ақ Жайық» басылымы.
Оқу жылының басталуына небәрі жарты ай қалғанда көпбалалы аналар балаларын мектепке қалай дайындаймын деп мазасызданып жүр. Мысалы, Венера Нұрмолдина атты тұрғынның 6 баласының екеуі мектепке барады. Оқушылардың керек-жарағын жинап беру оңай емес. Себебі былтырғы жылмен салыстырғанда киім де, аяқ киім де бірнеше есе қымбаттап кеткен. Сондықтан ол Үкіметің көмегін алу үшін қажетті құжат жинаған.
Маған былтырдан қалған киім бар деді. Мен ең болмаса тігіншіге апарып, қысқартамын деген оймен алдым. Сөйтсем, ол тым үлкен болды. Киімді қайта тігіп беруге 30 мың теңге сұрады. Бірінші сынып оқушысына 10-сыныптың баласы киетін киім бергені масқара ғой, - дейді Венера.
Ол шағымын айтып әкімдікке барған. Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова бұл мәселе оқу жылы басталғанша шешіледі деп уәде берді. Оның айтуынша, бұрын аз қамтылған отбасылардың балаларына дайын мектеп формасы таратылған. Заңдағы соңғы өзгеріске сәйкес, ол көмек енді ақшалай берілмек. Үкімет ақшалай көмектің мөлшерін бір балаға 37 мың теңгеден бекітті. Биыл бұл көмекті облыстағы 9 645 оқушы алады. Ата-ана алған киімнің құжатын, яғни чекті білім беру ұйымдарына тапсыруға міндетті.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында №21 орта мектептің 2 оқушысының анасы Венера Нұрмолдина «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп формасын бөлуге өтініш берді. Осы мектептің әлеуметтік педагогы тиісті өлшемдегі киім үлгісінің болмауына байланысты материалдық көмекті күте тұруды сұрады. Алайда Венера Нұрмолдина мектеп формасының өлшемі дәл келмесе де алып кете аламыз деп қолхат жазып берген. Білім бөліміне №21 орта мектеп директорынан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бойынша ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы хабарлама түсті», - деп хабарлады облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.