Теннистен әлем чемпионаты 13 – 18 қыркүйек күндері Шотландияда болады
13 – 18 қыркүйек күндері теннистен Қазақстанның ұлттық құрамасы командалық әлем чемпионатының (Davis Cup Finals) топтық турниріне қатысады.
Бұл туралы Теннис федерациясы хабарлады.
Теннисшілердің матчары Шотландияның Глазго қаласындағы «Эмирейтс арена» стадионында өтеді.
Бұл турнирге Қазақстан құрамасына Юрий Щукин бастаған жаттықтырушылар штабы Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Андрей Голубев, Александр Недовесовты таңдап алды. Қосалқы құрамда Тимофей Скатов болады.
Қазақстан командасы «D» тобында Ұлыбритания, АҚШ және Нидерланды құрамаларымен сынға түседі.
Бізге күшті командалар жиналған қиын топ түсті. Ұлыбританиялықтар өз алаңында ойнайды. Америкалықтар – Дэвис кубогының финалдық кезеңінде әлденеше рет өнер көрсеткен тәжірибелі команда. Нидерландылықтармен біз 2019 және 2020 жылдары күш сынастық. Бірақ одан бері нидерландылықтар шыңдалып, құрамын нығайта түсті. Сондықтан әр матчта барымызды салып, ширек финалға шығуға тырысатын боламыз, – деді Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин.
Турнирде бірінші, екінші орынға ие болған командалар Испанияның Малага қаласында қараша айында өтетін Дэвис кубогының ширек финалына жолдама алады.