Қазақстанда көл-көсір байлыққа салық енгізу жоспары пысықталып жатыр
Қазақстанда сән-салтанатқа салық салу туралы мәселе бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Қаржы министрлігі аталған салықты енгізу туралы жоспарын жариялады. Halyq Uni тілшісі жаңа салықтың қазақстандықтарға қалай әсер ететінін сарапшылардан сұрап көрді.
Үкімет құны қымбат люкс модельді көліктерге салынатын салық мөлшерлемесін және тіркеу алымының ставкасын арттыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Aston Martin, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maserati сынды көліктерге салық көбейтіліп, мұндай автокөліктер бойынша барлық жеңілдіктер алынып тасталуы тиіс. Сондай-ақ сән-салтанат заттарына республикалық маңызы бар қалаларда, облыс орталықтарында, курорттық аймақтарда орналасқан ұшу аппараттары, яхталар мен және жылжымайтын мүліктің белгілі бір кластары жатқызылады.
Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, Қазақстанда байлыққа немесе сән-салтанатқа салық салу ауқаттылар мен кедейлер арасындағы алшақтықты тежейтін болады.
«Ойланатын түгі жоқ, сән-салтанатқа салық салыну керек. Себебі, ол әлеуметтік әділдік орнатады. Байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтықты кішкене болса да, тежейді. Бұл салық қажет. Жеке табыс салығының жеке шкаласы да бар. Оны да ескеру керек. Кім көбірек табыс тапса, сол салықты көп төлеп, ал кім аз табыс тапса ол салықтан босатылуы керек. Кім қымбат, зәулім үйде тұрғысы келеді, кім қуаты күшті көлік мінгісі келеді, солар салықты көп төлеу керек деп есептеймін», - деді сарапшы.
Бұған қоса, сарапшы көлікке салық салғанда оның қуаты да ескерілуге тиіс деп есептейді.
«Бізде қазір көлікке салықты литірне қарап көбейткен, бірақ ол аздық етеді. Көліктің қуатын аттың күшімен есептейді. Егер мықты көлік мінемін десе, көбірек салық төлесін. Міне, осындай шаралар белгіілі дәрежеде бір жағынан бюджеттің кірісін арттырады, екінші жағынан соның есебінен әлеуметтік арнаулы төлемдерді төлей беретін болады. Бізде заңнама әлі жоқ. Осы мәселеге қатысты Салық кодексіне өзгерістер енгізлуі керек. Әлемде бар үрдіс, Қазақстанда да салынуға тиіс. Тек әзірге оның пайыздарын тым жоғары қойып, азаматтарды шошытудың қажеті жоқ. Салықтың көлемін бірте-бірте ұлғайтатындай етіп сала бастау керек деп есептеймін», - деп қосты ол.
Сонымен бірге, сарапшы салтанат тек мүлікпен есептелмеуі керек деген пікірде. Оның ойынша сән-салтанатымен той жасаған азаматтар да аталған салықты төлеуге тиіс. Бұл қазіргі той жасау форматын өзгертіп, құндылықтарды реттеуге септігін тигізеді.
«Сөзсіз тойға да салу керек. Қазақстанда той жасаудың жаңа форматын енгізген дұрыс. Қатты шашылмай, 50-100 адаммен той жасайтындай өлшемдер енгізу керек деп ойлаймын. Егер 200 адам, 500 адам шақырамын, дүбірлетіп той жасаймын деген адам мемлекетке тиісті салық төлеуі тиіс. Оның тетіктерін Салық кодексіне енгізуге болады. Мысалы, дүбірлетіп той жасайтын азаматтар шетелден әртістер шақырады. Қымбат тамада, әртіс шақырып жасайтын болса шартты түрде 20% салық төлесін. Бұл мәселені тиісті алаңдарда сарапшыларды шақырып, талқылау қажет. Қазір той жасап жарысатын заман емес. Керісінше интеллектуалдық, біліммен жаңа қабілеттерді игерумен жарысау керек деп ойламйын», - деді Мақсат Халық.
Айта кетейік, Үкімет жоспарында аударына байланысты мүлік салығына жоғары коэффициенттерді енгізу жоспарланып отыр. Мысалы, ауданы 300 шаршы метрден асатын пәтерлер, тұрғын үйлер, сондай-ақ ауданы 400 шаршы метрден асатын саяжай үйлер жаңа салықпен қамтылуы мүмкін.
Қазір бұл салық енгізілсе ауқатты азаматтар елден кетіп немесе мүлікті шетелден алады деген алаңдаушылық бар. Экономист Жангелді Шымшықов салықты енгізбес бұрын сыртқа кеткен капиталды анықтау керек деген пікірде.
«Ең алдымен қауіпсіздік қамтамасыз етілуі керек. Бақылауды күшейтіп, сосын барып енгізу керек. Француз актері Пьер Депардье Францияда ауқатты адамдарға салықты көтерген кезде өкпелеп, Ресейге көшіп кетті. Сол сияқты болуы мүмкін. Болдырмас үшін сыртқа кеткен капиталды анықтау керек», - деді ол.
Қазір үкімет жоспарлап отырған салық негізінен мүлікке салынады. Оның ойынша, салық тек прогесстивті болса ғана қоғамда әділеттік пен теңдік орнатуға болады.
«Салық ең бірінші кезекте табысқа салынуы керек. Табыс салығы егер прогрессивті болса, онда қоғамда әділеттік орнатуға және теңдестіруге өз ықпалын жасайды. Егер дүние мүлікке ғана салық саламыз десек, ол мүлік салығы мүлдем басқа. Мүлік салығын да прогрессивті етіп жасауға болады. Пропорционалды салық жүйесі ол бір қарағанда әділ сияқты. Бәріне он пайыздан болды, басқасына бас қатырмайсың. Бұл салық жүйесіне жақсы жеңілдік тудырады. Ал оның тиімділігі одан жоғарыламайды, керісінше тиімсіз салық жүйсесіне айналдырады. Сондықтан бүкіл дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, міндетті түрде прогрессивті салық жүйесіне көшу қажет»,- деп қосты сарапшы.
Сонымен бірге сән-салтанат салығын енгізер алдында алдымен халықтың табысын жалпыға бірдей декларациялауды аяқтау керек деп санайды.
Ондай жүйе өз тиімділігін Батыс Еуропада көрсетіп жатыр. Әсіресе, Скандинавия елдерінде коррупция жоқтың қасы. Сондықтан барлығы адал табысы мен мүлкін декларацияда көрсетеді. Бізде көп жағдайда ауқатты адамдардың бүкіл мүлкі мен табысы туған туыстарының атына жазылған. Ашық, әділ декларация жасау бізде қиын. Бақылауды күшейтіп, басқа механизм қолдану керек, - деп түйіндеді сөзін Жангелді Шымшықов.