«Дереу атпаса, адамға да шабады»: ШҚО-да аюлар мал мен омартаға бас қойды (ВИДЕО)

Еркеғали Болатұлы

Бір ғана қожалықтан 15 күн ішінде 3 бас сиырды жайратып кеткен және 2 тана ізім-ғайым жоқ

фото: видеодан скриншот

ШҚО-да ауылдарға аюлар шабуылдап жатыр. Ашыққан жыртқыштар ірі қараларды жарып, тіпті тау бөктеріндегі омарталардың да тас-талқанын шығарған. Мал-мүлкінен бұрын өз қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар биліктен көбейіп кеткен аюды атуға рұқсат сұрап отыр.

КТК телеарнасының хабарлауынша, аюлар тау бөктеріндегі Жоғарғы Тайынты ауылындағы бір ғана қожалықтан 15 күн ішінде 3 бас сиырды жайратып кеткен. Сондай-ақ 2 тана ізім-ғайым жоқ.

2 миллион теңгеге жуық шығын келді. Тиісті орындарға шағым түсіргенімізбен, нәтиже жоқ. Аюды атуға болмайды. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Кімнен көмек сұраймыз? - дейді бақташы Асқар Тоқмәдиев.

Одан бөлек, бал іздеген жыртқыштар түн жамылып келіп, омарталардың да ойран-ботқасын шығарған. Еңбегі еш кеткен омарташылар да құзырлы орындардан аңды атуға рұқсат беруді талап етіп жатыр.

Қып-қызыл шығын келіп жатыр. Міне, ара жәшіктерінің тас-талқанын шығарған. Дереу атуға рұқсат бермесе, адамға да шабады. Өйткені ашыққаны соншалық, қорқытсаң да кетпейді. Есесіне қаһарлана түседі, - дейді омарташы Алексей Погодин.

Қазір аю саны көбейгенін жауапты мекеме өкілдері де растап отыр. Олардың айтуынша, жыртқыштар азықтың жоқтығынан ауылға шабуылдайтын болған. Бірақ оларды атуға шешім шығаруға әлі ерте.

Заңнамаға өзгерістер енгізе бастады. Мысалы, аң зиян келтірсе, оны жоюға болады. Бірақ ол әлі шешім қабылдауға болатын деңгейге жеткен жоқ, - дейді ШҚО орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел жасақ бастығының орынбасары Василий Ткаченко.

Айта кетсек, негізінен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ерекше қорғалатын тяньшаньдық аюдан басқасын атуға қыркүйектен қарашаға дейін берген рұқсаты бар. Шығынға шаш етектен батқан шаруалар «оған дейін аюлар қалған мал-мүлкімізді жайпап кетеді» деп уайымдап отыр.