Электронды еңбек биржасына 155 мың жас түйіндемесін орналастырған
Жастар Қазақстанның кез келген өңірінен жұмыс таба алады. Бүгінде 122 мың жұмыс орны бос тұр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомство басшысы президенттің тапсырмаларын іске асыру аясында жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Ұлттық жобалар мен бизнестің жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орны электронды еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа бос жұмыс орындарын іздеудің де, қызметкерлерді іздеудің де бірыңғай алаңына айналады. Қазір электронды еңбек биржасында жұмыс берушілерден 122 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды, жұмыс іздеп жүрген 151 мың жас онда өз түйіндемелерін орналастырды, – деді Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында.
Оның айтуынша, өткен айда электрондық еңбек биржасында алғаш рет онлайн еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
«Іс-шара 35 жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталды. Жәрмеңкеге 23 ірі компания, банктер мен сауда желілері қатысып, 1330 бос жұмыс орнын ұсынды. 3,5 мың түйіндеме келіп түсті, жұмыс берушілер қазіргі уақытта таңдалған кандидаттарға одан әрі бағалау жүргізіліп жатыр. Мұндай жәрмеңкелер тұрақты өткізіледі», – деді министр.
Тамара Дүйсенова электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс тауып қана қоймай, онлайн курстардан өтіп, жаңа кәсіби дағдыларға үйренуге болатынын айтты.
«Жастар арасында сұранысқа ие дағдылар бойынша курстардың авторы бола аласыздар. Оларды электронды еңбек биржасында тегін орналастыра аласыз, ал болашақта ақылы негізде ең танымал курстар бойынша оқуды жалғастыра отырып, одан ақша таба аласыз», – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр жастар Қазақстанның кез келген өңірінен жұмыс таба алатынын атап өтті.