Анасының айтуынша, баланың бір құлағының терісі сәл жыртылған, құлағының арты қанаған
Қапшағай қаласының тұрғыны 18 қарашада 2 жасқа толмаған қызын балабақшада ұрғанын айтып, шағымданған. Ата-анасы «Babycity» балабақшасында тәрбиеленіп жатқан баланың денесінде көгерген, қанаған жерлері барын үйіне келгенде байқаған.
28 жастағы ананың айтуынша, баланың бір құлағының терісі сәл жыртылған, құлағының арты қанаған.
Зардап шеккен баланың анасы балабақша әкімшілігінен мән-жайды анықтауға тырысқан. Алайда ондағылар болған жайтты жоққа шығарған. Сондай-ақ дәл сол күні балабақшадағы видеокамералардың белгісіз себеппен істен шыққанын айтқан.
Болған жайттың ертесіне балабақша күтушісі кінәсін мойындаған. Ол баланы күштеп ұйықтатуға тырысып, шапалақпен тартып қалған. Сол кезде 2 жасқа толмаған қыз төсектің қырына құлаған.
Алматы облыстық полиция департаментіндегілер Қапшағай қаласында болған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындала отырып, тиісті тексеру жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
«Babycity» балабақшасының директоры болған жайт үшін бүлдіршіннің анасынан кешірім сұрап, күтушіні жұмысынан босатқаны жайлы хабарлаған. Алайда, 28 жастағы тұрғын қызына қол көтерген және моральдық тұрғыда зиян келтіргендердің бәрін жазалауға оқталып отыр.