Halyq Uni логотип
×

Қазақстан клубтары Еурокубокты қызыл қағазбен аяқтады

«Қызыл-Жар» мен «Тобыл» Конфедерация лигасынан шығып қалды

 Дастан Жұмабекұлы 12.08.2022 | 11:28
Қазақстан клубтары Еурокубокты қызыл қағазбен аяқтады
фото: kazfootball.kz

Петропавлдың «Қызыл-Жар» мен Қостанайдың «Тобыл» командалары УЕФА Конференция лигасындағы ойындарын аяқтады.

«Қызыл-Жар» Кипрдің АПОЭЛ командасымен екінші кездесуде 0:0 есебімен тең түсті. Бір апта бұрын кипрліктер «Қызыл-Жарды» Конференция лигасының үшінші іріктеу айналымындағы алғашқы матчта 1:0 есебімен ұтқан еді. Соның арқасында АПОЭЛ турнирдің плей-офф раундына шықты.

«Қызыл-Жар» өз тарихында тұңғыш рет еурокубок бәсекесіне қатысты. Олар екінші раундта Хорватияның «Осиегін» екі ойында жеңген болатын.

Қостанайдың « Тобыл» клубы да Конференция лигасынан шығып қалды. Олар үшінші іріктеу айналымында Босния және Герцеговинаның «Зриньскиімен» кездесіп, 1:1 есебімен тең ойнады. Ал Боснияда отандастарымыз 0:1 есебімен жеңілген еді.

Қостанайдың Орталық стадионында өткен матчта 34 минутта қонақтардың құрамында Марио Чуже есеп ашса, 53 минутта Серж Дебле таразы басын теңестірді. Ал матчтың 80 минутында «Тобыл» ойыншылары өрескел қателік жасады. Соның кесірінен қақпашы Александр Мокин айып алаңның сыртында допты қолмен ойнап, қызыл қағаз алды. Төреші Мокинді алаңнан қуып жіберді.

Осылайша Қазақстанның клубтары биылғы маусымдағы еурокубок жарысын қызыл қағазбен аяқтады.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама