Бұл Маңғыстаудағы жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің алғашқы наразылығы емес.
Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметкерлері видеоүндеу жариялап, орташа жалақыларын 350 мың теңгеге дейін өсіруді талап етті. Наразылыққа Жаңаөзен, Ақтау мен Бейнеу ауданы, Ақшұқыр және өзге елді мекендегі жедел жәрдем қызметкерлері шығып отыр.
Алғашқы видеоүндеу Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем станциясының жүргізушісі Мұрат Белбаевтың Facebook-тегі парақшасында жарияланды.
Мұрат Белбаевтың Азаттыққа айтуынша, видеода Ақтау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері үндеу жасаған және мұндай видеоны Бейнеу ауданы жұмысшылары да түсірген. Видеода жұмысшылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты, Премьер-Министр Әлихан Смайыловты, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты мәселеге назар аударуға үндейді.
Бейнеу ауданының жедел жәрдем станциясында істейтін жүргізуші Жәдігер Кемалов жұмысшылар жалақысы 40 мың теңге қысқарса,110-120 мың теңгеге түсіп қалады, қымбатшылық жағдайында мұндай жалақыға күн көру қиын дейді.
Бұл Маңғыстаудағы жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің алғашқы наразылығы емес. Биыл қаңтарда Ақтауда жалақыны көбейтуді талап еткен жедел жәрдем жүргізушілері жиналып, жалақыларына 23 пайыз үстемақы қосуға қол жеткізген.
Дереккөз: Abai.kz