Шымкентте жұмысқа орналасу үшін ақша берген бір топ адам жиналды

Назерке Еркінбекқызы

Жиналғандар «Accept» агенттігіне 64 500 теңгеден бергенін айтты. Алайда орталық жұмысқа да орналастырмаған, қаражатты да қайтармайды

Halyq Uni

Шымкентте бір топ азамат жұмысқа орналасу үшін «Accept» агенттігіне 65 мың теңгеден берген. Олар қаладағы агенттік ғимараты алдына жиналып, ақшаны қайтаруды талап етті. Жиналғандардың арасында бірнеше айдан бері жұмысқа шақырту күтіп жүргендер бар, енді бірі тек ақшасын қайтарғысы келеді. Арасында Түркістан мен Қызылорда облысының тұрғындары бар. Олар Атыраудағы мұнай компаниясына жұмысқа барамыз деп, агенттікке ақша салуға таныстарын да шақырған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алайда жиналғандардың ішінде тек екі адам ғана Атырауға жұмысқа жолдама алған. Алайда екеуі де уәде етілген 500 мың теңге жалақыны ала алмай, 75 мың теңгемен қайтқан. 

Атырауға апарып оқытады, 500 мың теңге жалақы аласың деді. Бірақ ол жаққа барған кезде ештеңе үйренбедік. Қара жұмысшы болдық. Жуынды берді. Бір ай әрең шыдадық. Енді келместей болып кеттім. Жарты миллион жалақы емес, 75 мың теңге алдық. Тамақты да өзім сатып алып, шығынға баттым. Бұл жұмысқа кіру үшін несие алып, досым екеуміз үшін 129 мың теңге берген едік, - дейді жетісайлық Ерлан Әшірбеков.

Жиналғандардың сөзінше, компания екі ай ішінде жұмыс тауып беретінін айтқан.

«2021 жылы желтоқсанда келдім. «Екі айда жұмысқа кіресің. Ол үшін 59 мың теңге беруің қажет» деп айтты. Келістім. Себебі маған тұрақты жұмысқа тұру керек еді. Өйткені қазір 1-2 күн уақытша жұмыс істеп, бала-шағаны асырау қиын. Содан бері уәдеге тойдырып келеді. Шыдамымыз таусылды. Мен электрмонтаждаушымын. Жұмыс сұрап келсем, темір ұстасы қажет деп қайтарып жібереді», - дейді Бәйдібек ауданының тұрғыны Ғабит Қазынабай.

«Accept» агенттігінің өкілдері қолында құжаты барын айтып, ешкімге ақша қайтарылмайтынын мәлімдеді. Агенттік өкілі жиналғандармен кездесіп, барлық құжаты түгел екенін, азаматтар келісімшартпен танысып барып, қол қойғанын алға тартты.

Мен ақша қайтармаймын, жігіттер! Ақша қайтару үшін алынбады. Үйіне барып, сұрап алған жоқпын. Қарызға алған жоқпын. Өзімнің талабымды түсіндіремін, оған көнсе, ақша төлейді, - дейді компания өкілі Шыңғыс Туғанов.

Шыңғыс Туғановтың айтуынша, компанияның мақсаты – жұмыс тауып беру. Көп жағдайда мұнай-газ, құрылыс компанияларына жұмысқа орналастырады. Компания 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Компания өкілі Қазақстандағы ірі компаниялармен арада келісімшарты бар екенін айтты. Сол себепті азаматтар берген ақша тек агенттікке ғана жұмсалмайды.

«2008 жылдан бері 12 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастырдық. (...) Бізге жұмысқа орналастырғанымыз үшін 64 500 теңге төлейді, бірақ оны қолыма алмаймын. Компаниялармен жұмыс істейміз. Әр адамның өз мамандығы бар. Жазылған мамандығы бойынша жұмысқа орналастырамын. Келісімшартта біздің бір рет жұмысқа орналастыратынымыз, ақша қайтарылмайтыны жазылған. Оның бәрін қазақ және орыс тілінде түсіндіреміз», - дейді агенттік өкілі.