×

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға ескерту хабарлама жолдап жатыр

Министрлік алаяқтықтың алдын алу мақсатында хабарлама жібереді

 Халық үні 11.08.2022 | 11:50
коллаж: Халық үні

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға ескерту сипатындағы SMS жіберіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

AnyDesk және Teamviewer қосымшаларын бөгде адамдардың нұсқауы бойынша орнатпаңыз!, - делінген министрлік жіберген хабарламада.

Полицияның хабарлауынша, SMS арқылы алаяқтық туралы халықты хабардар ету ішкі істер министрлігі және цифрлық даму министрлігі арасында талқыланған.

«Мобильді байланыс Қазақстанның әрбір тұрғынына тұрғылықты және орналасқан жеріне қарамастан қолжетімді болғандықтан, SMS арқылы алаяқтық фактілері туралы ақпарат беру азаматтарды жедел хабардар етуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Сондай-ақ ІІМ сақтық шараларын еске салды:

- ақшаны қауіпсіз шотқа аудару, несиені рәсімдеу туралы өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы нұсқаулығына ермеу қажет. Құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді;

- өзін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға жеке деректерді, пластикалық карталардың деректерін, аударымдар туралы түбіртекті, әсіресе код пен құпия сөзді хабарламаңыз;

- белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқаға жеке деректерді бермеңіз. Тексерусіз алдын ала төлем жасамаңыз. Тауарды алғаннан кейін төлем жасауға келісуге тырысыңыз;

- күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз;

- қосымшаларды орнату үшін тек ресми App Store мен Play Market-ті пайдаланыңыз;

- белгісіз адамдардан келген сілтемеге кірмеңіз. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік сілтеме бойынша өтуді ұсынады;

- банкинг қызметіне кіретін құпия сөздерін жиі өзгертіп отырыңыз. 3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолданыңыз;

AnyDesk – компьютерге қашықтан қосылуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Бұл бағдарлама арқылы қашықтан отырып файл және өзге де мәліметті жіберуге болады.

Teamviewer – компьютерді қашықтан басқаруға, сол арқылы файл жіберуге болатын бағдарлама. TeamViewer Windows, macOS, Linux, iOS және Android операциялық жүйесінде жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама