Halyq Uni логотип
×

«Соғыс созылып кетті» - Ресей халқы

Ресейліктердің 62%-ы арнайы операцияның сәтті өтіп жатқанына сенімді

 Халық үні 11.08.2022 | 06:46
«Соғыс созылып кетті» - Ресей халқы
фото: ariana.news

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне 5 айдан асты. Ресей халқы бұл соғысты қолдайды және олардың саны аз емес дейді сарапшылар. Соғыс басталған сәтте, Путиннің агрессиялық әрекетін 86 пайыз халық қолдаған-мыс. Бұл өте жоғары көрсеткіш саналады. 

Араға алты айға жуық уақыт салып, ресейліктердің соғысқа қатысты көзқарасын сұрап, сауалнама жүргізіпті. Путиннің «Киевке қайта шабуыл жасау» туралы шешімі болса, дәп қазір оны ресейліктердің 60% қолдап, 26% ресейлік қарсы болар еді. Сауалнама нәтижесі солай дейді.

Ал соғысты тоқтату туралы шешімді, ресейліктердің тілімен айтсақ арнайы операцияны аяқтауды 65% ресейлік қолдап, ал 28% ресейлік қарсы болар еді. Жалпы әскери қимылды жалғастыру керек дейтіндердің саны басым болып тұр. Сауалнамаға сүйенсек 52% ресейлік соғысты жалғастыру керек дейді, 38% ресейлік бейбіт келісімге келу жолдарын қарастыру қажеттігін айтады.

Арнайы операцияны респонденттердің 69 пайызы қолдаса, 23 пайызы қолдамайды. Наурыздың ортасынан шілденің аяғына дейінгі аралықта арнайы операцияны қолдаушылар мен қарсылардың арақатынасы іс жүзінде өзгеріссіз қалды.

Ресейліктердің 62%-ы арнайы операцияның сәтті өтіп жатқанына сенімді. Қарама-қарсы пікірді 19% адам ұстанады екен. Ресейліктердің 59%-ы Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы «ұзаққа созылды» деп есептейді. Респонденттердің 41%-ы «Украинадағы әскери операцияның барысы туралы жаңалықтардан шаршағанын» мойындады, бірақ олардың 56% олай емес деген ойда.

Респонденттердің 30%-ы Украинадағы арнайы операция бір жылдан астам жалғасады десе, 18%-ы соғыс қимылдары бір жылдың ішінде аяқталады деп есептейді. Респонденттердің 20%-ы соғысты алты ай ішінде аяқтауға үміттенеді. Респонденттердің 13 пайызы соғыс қимылдарының бір-үш айдың ішінде аяқталуын күтіп отыр екен.

Сауалнамаға қатысқан ер адамдардың 62%-ы Украинадағы соғыс қимылдарына жеке қатысуға дайын емес, Мамыр айында соғысқа қатысуға дайын еместердің саны 56%-ды құраған болатын, яғни олардың саны артқан деген сөз. Респонденттердің 29%-ы арнайы операцияға қатысуға ниет білдірген, мұны көбінесе 45 пен 59 жас аралығындағы адамдар айтқан, ал 18 бен 29 жас аралығындағы ерлердің саны аздау. 67 пайызы арнайы операцияны қолдау үшін өз қаражатын беруге дайын емес, ал 12 пайызы айына 1000 рубльден беріп тұруға дайын.

Сауалнаманың нәтижесіне қарап, әлі де ресейліктердің агрессияны нақты қолдайтынын түсінуге болады. Ресейге салынған санкциялар Ресей билігін де, халқын да агрессиялық көзқарастан жақын арада айықтыра алмайтын сияқты.

Дереккөз: Abai.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама