Halyq Uni логотип
×

Алматы облысында қаза тапқан әскери қызметші марапатқа ұсынылды

Қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың денесі әскери бортта Алматыдан Көкшетауға дейін жеткізілетін болады

 Халық үні 10.08.2022 | 23:40
Алматы облысында қаза тапқан әскери қызметші марапатқа ұсынылды
фото: polisia.kz

Алматы облысындағы дауыл кезінде қаза тапқан Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қатардағы Алмас Шахимов марапатқа ұсынылады. Бұл туралы 5571 әскери бөлімінде БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында айтылған.

«Біз жолдасымызды, отанымыздың қорғаушысын жоғалтып алдық. Табиғи апаттарды болжау мүмкін емес. Дауыл туралы ескерту болған жоқ. Ол өз өміріне қауіп төнсе де, әріптестеріне көмектесті, соңғы болып шатырдан шықты. Қатты желдің салдарынан металл конструкциялар құлады. Ол басынан жарақат алды. Оны ауруханаға жеткіздік. Бірақ өкінішке қарай, сағат 21:30-да қалалық аурухананың дәрігерлері жауынгердің қаза болғанын хабарлады», – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары Бекайдар Қазкеев.

Спикердің сөзінше, қызметтің алғашқы күндерінен бастап ол өзін адал сарбаз, нағыз азамат, отан қорғаушысы ретінде көрсеткен.

«Ол 27 мамырда Көкшетаудан шақырылды. Бір ай бойы өзінің қызметтестерімен бірге қызметтік пунктте болды. Әскери борышын орындау кезінде қаза тапты. Ол – Ұлттық ұланның, халқымыздың қаһарманы, ата-анасының нағыз ұлы», - деп қосты Қазкеев.

Қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың денесі әскери бортта Алматыдан Көкшетауға дейін жеткізілетін болады.

Алмастың ата-анасына заңнамаға сәйкес 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетіледі.

Одан бөлек,«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшіні қайтыс болғаннан кейін көтермелеу туралы өтініш жасайтын болады. Баспасөз мәслихатында тағы 14 әскери қызметші жарақат алғаны, олардың үшеуі келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер екені айтылған. Оларға медициналық көмек көрсетілген.

«Қызметтік тергеу өңірлік қолбасшылық ауқымында жүргізіледі. Әскери тергеу басқармасы, әскери прокуратура да өз бағасын береді. Барлығы ашық тексеріледі», – деп уәде берді офицер. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама