2022 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 80 мыңға жуық өтінім түскен
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2022 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni. Тізімді мына сілтеме арқылы көруге болады.
2022 жылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға 80 мыңға жуық өтінім түскен. Құжаттар 13-22 шілде аралығында қабылданды.
2021 жылы алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал тобы үшін квота бөлінген еді. Министрліктің хабарлауынша, 2022 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін гранттар саны көбейтілді. Яғни, көпбалалы немесе толық емес отбасыдан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан шыққан балалар грант алуда басым мүмкіндікке ие болды.
Сондай-ақ ауыл балалары және Қазақстанның азаматтығы жоқ ұлты қазақ азаматтар үшін де квоталар бөлінді.
Айта кетейік, шәкіртақы алып оқитын студенттерді мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия іріктеді. Комиссия мүшелері үміткерлердің өтінішін қарады. Оның құрамында ғылым және жоғары білім министрлігінің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, бұқаралық ақпарат құралдары, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кірді.
Мемлекеттік грант талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде тағайындалады.
Министрліктің хабарлауынша, талапкерлерден өтініштің көп бөлігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» мен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттар бойынша түсті. Бір грантқа ең үлкен конкурс болашақ мұғалімдер, тіс дәрігерлері және инженерлер арасында өтті.
Грантқа үміткерлер арасында ҰБТ-да жинаған балы тең болған жағдайда басым құқық 20 мың талапкерге берілді. Оның ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Толық тізімді мына жерден көруге болады.