V Исламиада: Қазақстан тағы екі алтын жүлде алды

Дастан Жұмабекұлы

Рината Сұлтанова – Ойындардың үш дүркін чемпионы атанды

фото: facebook.com

Түркияның Кония қаласында өтіп жатқан V Ислам ынтымақтастық ойындарында велоспорттың трек түрінде, омниум сайысы бойынша Рината Сұлтанова мен Артем Захаров екі алтын жүлдені жеңіп алды.

Осылайша Рината Сұлтанова – Исламиаданың үш дүркін чемпионы атанды. Қазақстан велотрекшілері 5 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен командалық есепте топ жарды. Екінші орында БАӘ (2-0-1) құрамасы болса, үздік үштікте Өзбекстан (1-2-1) командасы.

Жалпыкомандалық есепте 10 алтын, 6 күміс, 4 қоламен Түркия жеке-дара көш бастады. Екінші орындағы Қазақстан құрамасында 5 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлде бар. Үшінші орындағы Өзбекстан құрамасында 3 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлде.

Төртінші орынға 2 алтын, 7 күміс, 2 қоламен Иран құрамасы орналасты. Бесінші орында БАӘ (2-1-1), алтыншы орында Уганда (1-1-0). Жетінші орында жалғыз алтын жүлдемен Алжир командасы. Сегізінші орында 1 күміс, 3 қоламен Малайзия тұрса, тоғызыншы орынды бір-бір күміс пен қолалары бар Бахрейн, Камерун және Марокко құрамалары өзара бөлісті. Оныншы орында жалғыз күміспен Индонезия тұрса, он бірінші орында екі қоласы бар Сауд Арабиясы. Қалған 43 мемлекетте әлі бірде-бір жүлде жоқ.

Бүгін Ислам ойындарының ашылу салтанаты өтіп, оған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар көркем гимнастикашыларымыз, жеңіл атлетшілеріміз, таэквондошыларымыз бен үстел теннисшілеріміз жарыс көрігін қыздырады.